Павлодар облысы туризмді дамытуға биыл 22 миллиард теңге инвестиция бөледі. Болжам бойынша өңірге келетін туристер саны 300 мыңға дейін жетуі мүмкін. Былтыр бұл көрсеткіш 250 мыңға жуықтаған.
Олардың басым бөлігі Баянауыл ұлттық мемлекеттік табиғи паркі аумағындағы демалыс орындарын таңдады. «Жалпы кейінгі уақытта экотуризмге қызығушылық айтарлықтай артқаны байқалады», - дейді мамандар.
Жаз айларында демалушылардың негізгі ағынын Баянауыл демалыс аймағы, Маралды көлі және облыс орталығы қабылдайды. Ішкі туризм саласындағы өсім 28 проценттен асқан. Ал саяхатшылар елдің әр өңірімен қатар Ресейдің шекаралас аймақтарынан келеді.
Қайрат Ахметжанов, Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Былтыр облыс 240 мың туристі қабылдап, туристік қызмет көлемі 28 процентке өсті. Сонымен қатар салаға тартылған инвестиция көлемі 21 миллиард теңгеге жетті. Бұл көрсеткіштер өңірдің туристік тартымдылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Туризм - ел экономикасын дамытуға ықпал ететін маңызды саланың бірі. Осыған орай Баянауыл ауданында бірқатар инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Демалыс аймақтарындағы жүктемені азайту мақсатында жаңа жағажайлар мен қосымша демалыс орындары салына басады. Қираған ғимараттар табиғаттың көркін бұзып тұр. Келешекте оларды бір жүйеге келтіру мәселесі шешімін таппақ.
Қанат Сабық, Баянауыл ауданы Дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы:
- 2026 жылға да осы демалыс аймағындағы демалыс үйлерін, демалыс базаларын жетілдіру, төсек орындармен қамту, қосу сондай мақсатта жүргізіліп жатыр. 2025 жылы мысалға айтатын болсақ, Жасыбай демалыс аймағында 1,5 миллиардтан астам сомаға жыл бойы жұмыс жасайтын корпустың құрылысы жүзеге асырылды.
Жағажайлардағы қауіпсіздік, жол сапасы және гигиеналық тораптардың қызметіне қатысты сын мен шағымдар жиі айтылады. Қазір саяхатшылар арасында экотуризмге қызығушылық артқаны байқалады. Ерекше қорғалатын аумақта эндемик өсімдіктер мен тіршілік иелері көп кездеседі.
Алтынбек Құрманов, Баянауыл ҰТМП мемлекеттік инспекторы
- Мысалы, тауға кірген адамдар пакет-пакет тағамдарын-тамақтарын бірге алып кіреді, шыққанда өздері ғана шығып жатқанын көреміз. Біз ескертеміз, айтамыз далаға тастауға болмайды, анау пластикалық құтылар, анау тетрапакеттер бұлардың бәрі табиғатқа зиян. Мына өсіп жатқан өсімдіктердің тамырын байлайды, болмаса мына бөтелкедегі сулар, пластикалық бөтелкелер ғой, олар жартылай қалып қойса, күннің көзінің сәулесі түсетін болса, ол лупа сияқты өрт шығарып жібереді.
Мамандардың айтуынша, туризмнің дамуы тек инфрақұрылымға емес, экологиялық мәдениетке де тікелей байланысты. Қазір жаңа туристік маусымға дайындық жұмыстары жан-жақты пысықталып жатыр. Туристік кезең маусым айының 10-нан кейін басталады.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев
Тегтер #турист #маусым #инвестиция #экотуризм #Павлодар облысыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz