Түркияда білім саласы қызметкерлері шеруге шықты. Кейінгі бірнеше күнде мектептерде болған оқиғалардан кейін мұғалімдер жаппай шеруге шығып, өз талаптарын білдіріп жатыр.
Әсіресе Кахраманмараш пен Сиверек қалаларындағы жағдай ел ішінде қызу талқыланып жатыр. Ел бойынша бірқатар кәсіподақ ұйымдары бірігіп, жексенбіге дейін жалғасатын акцияларын бастады.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Жүздеген мұғалім жиналып, өз талаптарын білдіріп жатыр. Жаппай шеру Кахраманмараштағы мектепте 15 сәуір күні тіркелген шабуылдан кейін кешкісін басталған. Жексенбіге дейін жалғасады деген жоспар бар. Мұғалімдер митингісіне тек Анкарадағы емес, Ыстамбұл, Измир, Мардин, Алания сияқты алыс-жақын қалалардан келіп қатысып жатқан білім саласының өкілдері де бар.
Жалпы Түркияда білім саласында 60-тан астам кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Кейінгі күндері солардың бірқатары «зорлық-зомбылыққа қарсы өмір құқығын қорғау» ұранымен екі күндік ереуіл жариялап, жұмысын уақытша тоқтатты. Соның салдарынан кейбір мектептер жұмыс істеп тұрған жоқ. Наразылыққа себеп болған негізгі жағдай – Кахраманмараш провинциясындағы мектепте болған оқиға. Бұдан бөлек, Сиверек ауданындағы жағдай да қоғамда алаңдаушылық тудырды.
Қазіргі таңда мектептерде қауіпсіздік шараларын күшейту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дегенмен шеруге шыққандар мәселе тек қауіпсіздікпен шектелмейді дейді. Олардың пікірінше, мектеп – бала үшін ең сенімді орта болуы тиіс және оқушыларға барлық қажетті жағдай жасалуы қажет. Сондай-ақ шерушілер білім саласындағы басқару деңгейінде өзгеріс қажет екенін айтып, Түркияның Ұлттық білім министрі Юсуф Текиннің қызметтен кетуін талап етіп отыр.
Кемал Ырмак, Кәсіподақ ұйымының төрағасы:
- Біз мұнда тек қайғыны бөлісу үшін емес, нақты өзгеріс талап ету үшін жиналдық. Мектептегі қауіпсіздік мәселесі – Түркиядағы ең өзекті проблема. Біз әр бала үшін тең мүмкіндік беретін, қолжетімді қоғамдық білім жүйесін қалаймыз. Қазіргі білім беру жүйесі көбіне емтихан нәтижесіне бағытталған. Бұл кей оқушылардың жан-жақты дамуына кері әсер етіп, оларды шетке ысырып отыр. Басты талабымыз – білім саласында нақты реформалар жасау және мектептердегі қауіпсіздікті күшейту.
Фатош Бадаш, Аланиядан келген ұстаз:
- Мен Аланиядан келдім. Мәселеге бей-жай қарамайтын ұстаздар әр өңірден жиналып жатыр. Біздің талабымыз – министрдің жауапкершілікті мойнына алып, отставкаға кетуі. Сонымен қатар мәселені тек қауіпсіздікпен шектемей, білім саласында жүйелі өзгерістер жасалуы керек.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Қазіргі уақытта акция бейбіт түрде өтіп жатыр. Қауіпсіздік мақсатында полиция қызметкерлері жағдайды бақылауда ұстап тұр. Мұғалімдер өз талаптары ескерілгенге дейін наразылық шараларын жалғастыратынын айтады. Сонымен қатар бұл наразылық акциясы Түркияның бірнеше аймағында жалғасып жатыр.
Тегтер #Түркия #білім саласы #ереуілPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz