RU
Толық нұсқаға өту

ШҚО-да 400 тоннаға жуық қоқыс шығарылды

17.04.2026, 19:53 33

Биыл Шығыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 400 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылды. 

Күн райының құбылғанына қарамастан тазалық шаралары әлі жалғасады. Шалғайдағы елді мекен тұрғындары да туған ауылдарын абаттандырып, саябақтар мен  көшелердің көркін кіргізіп жатыр.

Күршім ауданының жастары жаңарған кеңселеріне  жиналып тазалық мәселесін жиі талқылайды. Айтып қана қоймай, әр аптаның жоспарын бекітеді. Өйкені қай жердің қоқысқа толып, көркі кете бастағанын олардан артық білетін ешкім жоқ. 

Белсенділер бұл жолы орталық саябақтың сәнін кіргізуге кірісті. Жастар демалыс орнының аумағындағы қоқыс атаулыны шығарып, көшет егуге атсалысты. Айжан Ақанова бұндай шарадан қалмауға тырысады. «Туған өлкемнің жайнап-жарқырап тұрғанын қалаймын», - дейді ол.

Айжан Ақанова, Күршім ауылының тұрғыны:

- Соңғы уақытта көгалдандыру  жұмыстары аз болғандықтан, осындай шараларға,акцияларға көбіне қатысуға тырысамын. Себебі бұл менің өзімнің туған өлкем, туған жерім. Әр азамат өз туған жері үшін жаны ашып табиғатын аялау керек. 

Ауыл жастары арнайы тапсырма күтіп отырмайды. Керісінше, ластанған учаскелерді өздері анықтап, әкімдік өкілдеріне ұсыныс тастайды.

Армен Карапетян, Күршім ауданы «Жастар ресурстық орталығының» директоры:

- Жастар ары-бері жүргенде қай аумақтың қоқысқа толып кеткенін, тазалығы нашарлап бара жатқанын байқап, сол бойынша өздері ұсыныс айтады. Одан соң өзара ақылдасып, қай күні сенбілікке шығатынымызды шешеміз. Бұл іске  тұрғындар да қосылып, қолдау білдіріп келеді.

«Таяуда «Тазалық марафоны» ұйымдастырылады. Жалпы облыста экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған іс-шаралардың жүйелі жүруіне «Таза бот» бағдарламасының да ықпалы зор», - дейді мамандар. Шашылған қатты қалдықтар, үйінділерге толы алаңқайлар жайлы деректердің дені осы желі арқылы анықталып жатыр.

Рауан Тұрысбек, ШҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасы  басшысының орынбасары:

- Түсіп жатқан өтінімдер өте көп. Мәселен былтыр тұрғындардан 871 хабарлама түсіп, соған орай жауапты сала өкілдері тиісті шаралар қабылдады. Ал биыл жыл басынан бері 60 шақты сұрақ түсті, олармен жұмыс жүргізіліп жатыр.

Жер-жерде өтіп жатқан сенбіліктерге жастармен қатар мекеме ұжымдары да ат салысуда. Осылайша, көктем басталғалы бері өлкеде жалпыұлттық акцияға 1500 адам қатысып, 10 гектар аумақтан қоқыс шығарылды.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz