RU
Толық нұсқаға өту

Түркістан облысындағы каналдың қос қапталы опырылып түскен

18.04.2026, 15:20 37

Жетісай ауданындағы егіс алқаптарына су жеткізетін каналдың қос қапталы опырылып, құлап жатыр. Бастапқыда каналдың ені 25 метр болса, қазір 70-80 метрге жетті.

Үстінен салынған көпірдің сапасы да енді  сыр  беруі мүмкін. Айналасына су жайыла берсе, ауылға да қауіп төнеді- дейді тұрғындар. Түйткілден жергілікті әкімдік пен құзырлы министрлік өкілдері хабардар. Мәселе қалай шешімін табады?

1700 гектар алқапқа су жеткізетін канал бастапқыда сортаң жерлерді шаю үшін салынған еді. 2011 жылы машиналық әдіспен су деңгейін көтеретін нысан ретінде қолданыла бастады. Содан бері ішкі жақтаулары жер асты суының әсерінен құлап, түбі тола бастаған. Сөйтіп, су өткізу қабілеті де төмендеген. Егер бұл арық бұзылса, осы маңдағы егіс алқаптары түгел сусыз қалады, - дейді тұрғындар.

Әбиназар Асанұлы, Жетіқазына ауылының тұрғыны:

- Жетіқазынада мыңнан астам адам тұрады. Шаблан Ділдәбековтың Жаңа дала ауылы бар, Зерделі ауылы бар. Ол жақта әр ауылда 2-3 мыңнан адамдар тұрады. Сонша адам бір каналға байланып отырмыз. Мақта егеміз, диқаншылық қыламыз. Бұл бұзылса сусыз қаламыз.

«Қазсушар» мекмесі Жетісай өндірістік бөлімшесі мамандарының  айтуынша, каналдың жақтаулары әр көктем сайын   құлайды. Оған жаңбыр мен жерасты суларының көтерілуі себеп дейді. Енді   егістікті сусыз қалдырмау үшін,  каналдың ағысын басқа жаққа бұру мәселесі қарастырылуда.

Нұртас Тұрсынбеков, «Қазсушар» РМК Жетісай өндірістік бөлімшесінің басшысы:

- Біз қолдан келгенше техникалармен каналдардың жанын «трамбовка» жасап, тоқтатуға жұмыс жасап жатырмыз. Осы каналды біз елдімекен шегінен өткізуге жұмыс жасаймыз. Елдімекен шегінен айналып, әрі қарай басқа елдімекендерге су беруге жұмыс жасалып жатыр.

Машиналық каналдың мәселесі су министрлігінің де назарында.  Жауапты сала мамандары каналдың 11 шақырымы толықтай бетондалып, қалпына келтірілетінін айтты. Негізі Жетісай ауданы трансшекаралық Достық каналындағы суға тәуелді. Жаздың күндері каналда   су азайғанда осы машиналық каналмен Шардара су қоймасынан су тартылады. Мәселен, былтыр машиналық канал арқылы тәулігіне 30 текше метр су тартылып, 57 мың гектар жер суарылған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz