Шығыс Қазақстан облысындағы 48 мектепте директор жоқ. Білім ордаларындағы басшы лауазымы біраздан бері бос.
Педагог тапшылығы Өскемен, Алтай қалаларында, сондай-ақ Ұлан және Марқакөл аудандарында өткір тұр. Биыл бұл көрсеткіш тағы өсуі мүмкін. Өйткені зейнет жасына толған ондаған маман құрметті демалысқа кетеді. Салаға жауаптылар кадр тапшылығын айлық жалақының төмендігімен байланыстырады. Бүгінде мектеп директорының айлығы орта санаттағы мұғалімнің табысынан аз.
Шығыс Қазақстан облысының мектептерінде 100-ден астам мұғалім жетіспейді. Әсіресе математика, орыс тілі мен әдебиеті, химия пәнінен сабақ беретін ұстаздар тапшы. Бұдан бөлек, 48 мектепте директор жоқ. Жоғары санатты оқытушылар басшы болуға құлықсыз. Облыстағы білім беру қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Иван Соколов: «Оның бірнеше себебі бар» дейді. Біріншіден, екі мәрте аттестациядан өту керек. Яғни пән мұғалімі ретінде және басшы лауазымы үшін. Екіншіден, директордың айлық табысы орта санаттағы мұғалімнің жалақысынан екі есеге жуық төмен.
Иван Соколов, облыстық Білім беру саласы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы:
- Қазір мектепке басшы болғаннан эксперт-сарапшы санатын игеріп қатардағы мұғалім болған тиімді. Себебі оның айлығы көп. Менің ойымша, мектеп басшысының табысы мұғалімнен әлдеқайда жоғары болған жөн. Себебі білім ордасындағы барлық оқу процесін ұйымдастыру, тәртіп, жауапкершілік, материалдық қамтамасыз ету басшының міндеті. Олар 24/7 жұмыс істейді десем қателеспейтін шығармын.
Мектептерге басшы табылмаған соң білім басқармасы зейнет жасына жетіп қалған тәжірибелі қызметкерлерге сенім артып отыр. Бірнеше ауданда білім ордаларын зейнеткерлер басқарады. «Дегенмен мұндай кадрлық шешім тығырықтан шығатын жол емес», - дейді жауаптылар.
Қуат Оқасов, Білім басқармасының басшысы:
- Бізде пенсиядағы істеп жүрген басшылар да көп. Олар енді қазір 25 мамырдан кейін олармен еңбек шарты тоқтатылады, одан кейін қайта көбейеді. Кезең-кезеңімен шешеміз, енді жылдың аяғына дейін 90 пайыз жауып тастаймыз деп мен жоспарлап отырмын.
Өскемен қалалық мәслихатының депутаты, Қазақстанның 2023 жылғы үздік педагогы Руслан Исраилов: «Мектеп директорының айлығы тым болмаса педагогтардың жалақысымен теңестірілу керек», - дейді. Бұл ұсынысын ол депутаттық сауал ретінде салалық министрлікке де жолдаған. 26 жастағы жас педагог бүгінде мектеп директордың орынбасары болып қызмет атқарады.
Руслан Исраилов, Өскемен қаласындағы № 17 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:
- Менің ойымша, еңбек заңнамасы шеңберінде мектеп директорларының жүктемесі қайта қаралу керек. Өйткені қазір жауапкершілік өте жоғары, ал, айлығы әлдеқайда төмен. Міндеттер қайта қаралып, жүктеме тең бөлінсе жұмыс нәтижесі де жақсы болатыны сөзсіз.
Орта білім беру жүйесіндегі реформаларда осы мәселені жою ішінара ескерілген. 2021 жылдан бастап мектеп мұғалімдерінің апталық жүктемесі 18 сағаттан 16-ға дейін қысқарды. Жұмыс уақытын нақты белгілеу жүйесі енгізілді. Қаржы министрлігінің дерегі бойынша, биыл білім және ғылым саласына бюджеттен 902 миллиард теңге бөлінеді. Бұл мұғалімдер жалақысына, инфрақұрылымды дамытуға, оқыту сапасын арттыруға және педагогтарды қолдауға жұмсалады.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Вячеслав Ветлугин және Дмитрий Пыхтин
Тегтер #мектеп #директор #жалақы #ӨскеменPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz