RU
Толық нұсқаға өту

Елде ауланған балықтың 70 пайызы өңделуге тиіс

20.04.2026, 10:40 45

Бұдан бөлек, тұзды көлдердегі су жәндіктерін де толық өңдеу міндет. Балық комитеті келер жылдың аяғына қарай осындай талап күшіне енетінін жеткізді. Қазір елде бас-аяғы 90-ға жуық тұзды көл бар.

Аква шаруашылықтың осы түрі қалай дамып келеді? 

Қазақстан артемия қоры бойынша әлемдегі 10 үздік елдің қатарында. Бұл тек тұзды көлдерде кездесетін шаянтәрізді жәндіктер. Оны жем ретінде де қолданады. Құзырлы министрлік аква шаруашылықтың осы түрі қарқынды дамып келе жатқанын айтады. Келесі жылдан бастап кәсіпорындар бұл жәндіктерді аулап қана қоймай, қайта өңдеуге дағдылануы керек.

Серік Сермағамбетов, ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы:
- 90-ға жуық республика бойынша тұзды көлдер бар. Оның барлығын біз келесі жылдың соңына дейін толықтай 100 пайыз бекітіп береміз деген жоспарымыз бар. Соның барлығына талап қойып отырмыз. Оның 100 пайызы барлығы өңделіп шығуы міндетті. Бұрынғы ережелерде ол талап етілмеген болатын.

Қазір елде 70-ке тарта кәсіпорын артемия аулайды. Бірақ олардың біреуі ғана балық жемін шығарып отыр. Бұл кәсіпорын терең өңдеуден өткен өнімдерін әлемнің 30 еліне жөнелтеді.

Ернұр Төлеген, кәсіпорынның бөлім басшысы:
- Артемия дегеніміз, тек қана шикізат ретінде сатылмай, бізде терең өңдеуден өтіп, креветканың, балықтардың асы болып келеді. Балықтардың алғашқы қорегі дейді. Ең кішкентай кезінде жейтін тағамы осы. Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттеріне өнімімізді сатамыз. Сосын Қытай, сосын Оңтүстік Америка жаққа да бет бұрып жатырмыз. Еуропаға да сатқанымыз бар.

Компания жылына 700 тонна өнім шығарады. Мамандар артемияны «аква шаруашылықтың алтыны» дейді. Қазір АҚШ, Қытай, Ресей, Иранда өңделеді. Алайда көбі құрғақ күйде шығарады. Біздің ел жаһандық нарыққа өнімнің 3 түрін ұсынып отыр.

Виктория Дробова, кәсіпорынның лаборант-технологі:
- Балық жемдері осы жерде өндіріледі. Қазір үш түрлі өнім шығарамыз. Бәрі де әлемдік стандартқа сай. Әрине, құрғақ түрі дәруменге бай әрі ұзақ сақталады. Бірақ қабығы аршылған дайын түрлеріне де қызығушылық көп. Бізде бәрін ұсынуға мүмкіндік бар.

Мұндай өнімдер сыртқы нарыққа ғана шығарылады. Өйткені бізде шаян өсіру жолға қойылмаған. Дегенмен аква шаруашылықты дамытуға басымдық беріп жатқан еліміз балық жемін көптеп шығарып, ішкі сұранысты өтеуге бейіл. Қазіргі қажеттілік 30 мың тонна шамасында. Алдағы уақытта сұраныс 100-120 мың тоннадан асады деген жоспар бар. 

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Диас Қобланбаев

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz