Маңғыстау облысының Ақшұқыр ауылындағы кәсіпорын бекіреден тағамдық уылдырық алып отыр. Өнімді алыс-жақын шетелге экспортқа шығаруды жоспарлайды.
Балық шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған инновациялық жобаның елде әзір баламасы жоқ. ««Kazakh Osseter» ғылыми-өндірістік кәсіпорны жоғары технологиялық әдіспен алатын сапалы өнімге сұраныс болады», - дейді мамандар. Өндіріс барысын өңір басшылығы да көріп қайтты.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан жоба аясында мамандар бекіре тұқымдас балықтарға зиян келтірмей тағамдық уылдырық алуға қол жеткізді. Заманауи технология экологиялық қауіпсіз әрі халықаралық талаптарға толық сәйкес келеді.
Айбек Есенбаев, кәсіпорын директорының орынбасары:
- Қазіргі таңда өскен балықты Ақтауда дүкендерге жіберіп, сол жақта сатамыз. Болашақта уылдырық шығарып, инкубация жасауға ниетіміз бар. Бізде қазір «0,19» бағдарламамен ғылыми жоба жүріп жатыр.
Өңірде 2026-2027 жылдарға арналған «Балық шаруашылығына инновациялық тәжірибені тарату және енгізу» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Бассейнде бекіре өсіріп, 250 аналық балықтан уылдырық алып отырған шаруашылыққа облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай барды. Жобаның отандық балық шаруашылығы саласын жаһандық бәсекеге қабілетті деңгейге көтерудің жаңа кезеңі екеніне тоқталып, кәсіпкерге қолдау көрсетілетінін айтты.
Мағжан Ғалымов, облыстық Балық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғылыми ұйымымен шарт жүргізіліп жатыр. Оның аясында арнайы әдістеме дайындалады. Сол әдістемелік басқа да аква шаруашылығы субьектілеріне, кәсіпкерлерге беріледі, өз тәжірибесінде қолдануы үшін. Негізгі бөлігі экспортқа жөнетіледі. Сұранысқа сәйкес ішкі нарыққа да жолданатын болады.
Кәсіпорында жылына 250 тоннаға дейін тауарлы балық, 0,2 тонна уылдырық, 500 мыңдай шабақ өндіріледі. Осы мақсатта 50 жұмыс орны құрылған. Ендігі кезек дайын өнімді Таяу Шығысқа, Еуропа елдеріне экспорттау арқылы өңір әлеуетін мультипликативтік тұрғыдан арттыру көзделіп отыр.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев
Тегтер #балық шаруашылығы #кәсіпорын #бекіре #уылдырық #экспорт #Маңғыстау #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz