RU
Толық нұсқаға өту

Мұхтар Шаханов - қазақ поэзиясында өшпес із қалдырған ақын

20.04.2026, 15:30 25

Қазақстанның Халық жазушысы, Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында өмірден озды. Қазақ поэзиясында жасындай жарқылдап, өшпес із қалдырды.

Ол құр жыр жазып қана қойған жоқ, әр сөзін ісімен дәлелдей алды. Осы жолда күресті. Ол ақын ғана емес, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері. Көптеген Халықаралық сыйлықтарды иеленді. Шетелдік академиялардың, университеттердің құрметті докторы, профессоры атанған. Ең бастысы – халқының құрметін көрді. Оның өлеңдерін балаға дейін жатқа айтады. Ақынның сөзі, қайсар келбеті халықтың жадында мәңгі сақталады. 

«Даңққа мойын созғанымен,

Том-том өлең жазғанымен,

Шындығы өлген ақындардың

Ақын емес ешбірі...»

Мұхтар Шаханов қолына қалам ұстап, алғашқы өлеңдерін оқырманға ұсынған сәттен-ақ өзгеге ұқсамайтын, өз қолтаңбасымен ерекшеленді. Ақынның еңбек жолы мен шығармашылығы бір-бірімен үндесіп жатты. «Отырар», «Нарынқұм зауалы», «Танакөз», «Сенім патшалығы» сияқты шоқтығы биік шығармалары қазақ әдебиетінің қоржынын байыта түсті.

Көзкөргендердің айтуынша, ақынның туындыларын қалың оқырман сиясы кеппей тұрып-ақ таласып жүріп оқыған.

Сауытбек Абдрахманов, мемлекет және қоғам қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

- Осыдан 56 жыл бұрын дәл осындай көктемнің күнінде газетке «Танакөз» поэмасы басылды. Газетті алдым да, бірден оқыдым. Жалғасы бар екен. Ертеңіне таңғы 8.30-да киоскіге бардым. Сондағы мені таңғалдырған көрініс, 50 адамдай кезекте тұр. Солардың бәрі кеше «Танакөздің» жалғасын оқуға келген жастар.

Шаханов поэзиясы - елдік мұрат, ұлттық болмыстың айнасы. Ол өлең жазып қана қойған жоқ, ақындық болмысын көрсете алды. Талай мінбелерде қасқайып тұрып, ақиқатты айта алды. Ақынның ұлылығы да, бақыты да осында. Мәскеуде өткен съезде Желтоқсан шындығын жайып салып, тұтас ұлттың талабын жеткізді. Оның бұл мәлімдемесі Желтоқсан оқиғасына тарихи және саяси тұрғыдан қайта баға беруге жол ашқан маңызды қадам болды.

Бауыржан Бабажанұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының директоры:

- Кеңес Үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезде көтерді. Басқа да елдік мәселеге, ұлттық мәселеге келгенде бұл кісінің кідіріп қалған кезі болған емес. Желтоқсанда алаңға шыққан жастардың Мұхтар Шахановты, Олжас Сүлейменовты іздеуі көп нәрсені аңғартады. Бұл кісінің өлеңдері ерлікті, азаматтықты насихаттады.

Заманның заңғары Аралға араша түсіп, осы жолда аянбай тер төкті. Мәселені қаузап, тиісті комитеттің құрылуына және зерттеулер жүргізілуіне түрткі болды. Жазушы Қуаныш Жиенбайдың айтуынша, азулы ақын экологиялық мәселелерді жазарда жергілікті тұрғындардың пікірін тікелей ескеріп отырған.

Қуаныш Жиенбай, жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- Аралдың екіге бөлінуі, Кіші теңізді сақтап қалу жөніндегі проблемалар Мұқаңның жанқиярлық еңбектерінің арқасында жүзеге асты ғой деп ойлаймын. Қазір Құдайға шүкір, Үлкен Арал болмағанымен, Кіші Арал өмір сүріп, жағалауындағы елге нәпақы болып жатыр. Мұның бәрі Мұқаңның елге істеген үлкен қызметінің бір парасы ғой деп ойлаймын.

Ақынның тіл мәселесіндегі жанқиярлық еңбегі бір төбе. Наурыз мейрамының қайта оралуына тікелей себепкер болғандардың да басында Мұхтар Шаханов тұр. Ол үнемі елдік мәселерді қозғап, халқының мұң-шерін өлеңімен, қайраткер болмысымен қатар көтеріп келді. Көзі тірісінде аңызға айналды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz