Ірі-қара экспорты тағы 6 айға шектеледі. Ауыл шаруашылығы министрлігі шектеуді ұзарту туралы бұйрықтың жобасын әзірледі.
Ведомство құжатты қабылдаудың мақсаты елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық өңдеу зауыттарының қуатын арттыру және сиыр етінің бағасын тұрақтандыру деп түсіндірді. Қараша айынан бері ірі қарасын көрші елге сата алмай отырған ауылдағы ағайын бұған алаңдаулы. Енді елде сиыр етінің бағасы түсе ме?
Елде қазақтың ақбас тұқымының Республикалық палатасы бар. Құрамына 903 шаруа қожалық кіреді. Барлығы етті бағыттағы асыл тұқымды ірі-қарамен айналысады. Былтырғы жылдың қарашасында басталған шектеу сәуірдің 30-ы күні бітуі тиіс болатын, енді мұны қарашаға дейін созса шаруалар шығынға батады. Палата өкілдері осылай дейді.
Бақтияр Өтелбай, Qazaq Aqbas палатасының атқарушы директоры:
- Бордақылау кезінде оның шығыны бар. Оны өтеу керек. Мұнда экспортқа шектеу қоя салды деген қысқа ғана шешім. Бізге ұзақ мезгілге керек. 10 жыл алдыға қарауымыз керек.
Қазақ ежелден жылқы етін жейді. Алайда ірі қара еті бүгінде жылқы етінен қымбат. Содан болар қазір елде сиыр етін жейтіндер азайған. Ет одағының мәліметінше 2021 жылы 500 мың тонна ірі қара еті тұтынылған. Ал биыл бұл көрсеткіш 100 мың тоннаға кеміді. Елде халық саны жыл санап көбейіп келеді. Алайда сиыр етін жейтіндер азайып барады. Бұл қалай?
Батырбек Қошқарбаев, кәсіпкер:
- Баға жағынан теңесті. Жылқы сәл ғана төмендеу. Осы кезге дейін жылқы малы ешқашан сиырдан төмен болмаған. Қайта жақсы деп ойлаймын. Жылқы етін жеу керек. Бұл жерде шаруалар соңғы 2 жылда жағдайын жақсартып алды. Шектеу болғаны жақсы деп ойлаймын.
Бордақылау алаңы бар кәсіпкерлер күзде ауыл-ауылды аралап, былтырғы еркек бұзаулар мен бұқашықтарды жинап алады. Әдетте қыс бойы семіртіп, жер аяғы кенігенде көрші мемлекеттерге тірідей эспорттайтын. Шектеу тағы 6 айға созылғасын, шаруа малын сойып сатады. Экспортқа квота бар, енді еріксіз ішкі нарыққа жібереді. Министрлік бұл шектеуді бағаны тұрақтандыру деп түсіндірді.
Саят Қамзин, ҚР АШМ Ішкі сауда басқармасының басшысы:
- Құжатты қабылдаудың мақсаты елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық өңдеу зауыттарының қуатын арттыру және сиыр етінің бағасын тұрақтандыру.
Астанадағы базарларда сиыр етінің бағасы әлі де түсер емес. Бұған себеп ауылдағы ағайынның қыстан шыққан малы пышаққа келмейді. Ал бордақылап отырған кәсіпкерлер шектеу алына ма деп шекараға қарайды. Яғни базарға келетін өнім аз.
Елде ірі қара мал саны 9 млнға жуықтады. Былтыр 3 млнға тарта төл алынды. Тірі ірі қара мал экспорты 2025 жылы 12,8 мың басты құрады. Бұл жалпы ірі қара санының 0,142 пайызы. Шектеу алынып, кемі 1 пайыз ірі қара шекара асса малға да, жанға да жайлы болар еді. Шаруалар осылай дейді.
Авторлары: Әлішер Әли, Ғалымжан Абдылахат
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #экспорт #мал шаруашылығы #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz