Павлодарлық Марина Харчук – өзге ұлт өкілі болса да, Ұлы Абайдың тілінде еркін сөйлеп, ақын мұрасын насихаттап жүрген жас маман.
Ол вагон жөндеу депосының экономикалық жоспарлау бөлімінде еңбек етеді. Марина қазақ тілінің мәртебесін көтерумен қатар, ұлттық салт-дәстүрлерді де кеңінен дәріптеп келеді. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын ол ұжым ішінде де үлгі бола білген.
Маринаның жұмыс күні осылай басталады. Ол қажетті есептерді жинақтап, атқарылған жұмыс актілерін әзірлейді. Мемлекеттік тілде еркін сөйлеуі әріптестерімен тиімді қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік береді.
Марина Харчук, Кәсіпорынның экономикалық жоспарлау бөлімінің маманы:
- Әке-шешем сөйлемейді, бірақ та мені түсінеді. Олар мені әрқашанда қолайды. Жұмысымда күн сайын қазақ тілі жақсы көмектеседі. Мен күн сайын өз әріптестеріме көмектесе аламын. Кез келген хаттарды, телеграммаларды аударып беремін.
Вагон жөндеу депосының тарихы 1954 жылдан бастау алады. Бүгінде кәсіпорын қызметіне сұраныс жан-жақтан түсіп, өндіріс қарқыны арта түскен.
Марина Харчук, кәсіпорынның экономикалық жоспарлау бөлімінің маманы:
- Бізде мысалы жұмысқа Аягөз, Қазалы жақтардан әріптестеріміз келіп жұмыс жасайды, вагодарды жөндейді. Олар тек қана қазақша сөйлейді. Мен де олармен тек қана қазақша сөйлеймін. Бұл жерде де маған оңай. Өйткені олар орысша сонша қатты сөйлемейді. Мен олармен қазақша сөйлеймін.
Қазақ тіліне деген қызығушылығы балабақшадан басталған Маринаны бүгінде әріптестері үлгі тұтады. Ол мемлекеттік тілге қатысты байқауларға белсене қатысып, кәсіпорнының намысын абыроймен қорғап жүр.
Рүстем Мақұлов, кәсіпорын директоры:
- Марина Вячеславовна бізде ұлттық тілді меңгеріп ғана қоймай, одан бөлек ұлттық салт-дәстүрді дамытуға және де байқауларға, жарыстарға қатысып, атсалысып, жақсы білікті маман ретінде өз-өзін көрсететін адам.
Қазақ шаңырағына келін болып түскен Марина отбасында да ұлттық құндылықтарды ұстанады. Ол қызын қазақ тілді балабақшаға берген. Кішкентайынан ана тілін құрметтеуге баулып жүр.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #қазақ тілі #мәдениетPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz