Шығыс Қазақстанда кәріз суын тазарту қондырғылары әбден ескірген.
Әсіресе шалғайдағы аудан орталықтарында станциялардың кетеуі кетіп, шамамен 70-80 пайызының тозығы жеткен. Бұл тек коммуналдық салаға ғана емес, қоршаған ортаға да қауіпті, дейді мамандар.
Мәселен, жақында Күршім ауылындағы кәріз жүйесінен ақау шығып лас су өзенге аққан. Жауапты коммуналдық мекеме өкілдерінің айтуынша, қондырғы ескі, климаттық өзгеріске де, үлкен қысымға да шыдамайды. Ал жаңа тазалау қондырғысын салу мәселесі талай жылдан бері шешімін таппады.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Кәріз жүйесінің кесірінен Күршім өзені талай жыл ластанды. Негізгі су тазалау нысаны 90 жылдары жер сілкінісі салдарынан апатты деп танылып, жұмысын тоқтатқан болатын. Содан бері 30 жылдан аса уақыт шаруашылық, тұрмыстық мақсатта қолданылған су еш тазаланбастан тікелей осы өзенге қосылып отырған. Тек екі жыл бұрын әскери бөлімнің ескі тазалау қондырғысы іске қосылды. Алайда ол көпке шыдамайтын сыңайлы.
Бұған дәлел – бұл қондырғылар қазірдің өзінде сыр бере бастады. Жақында ғана нысанға жоспардан тыс тексеру жүргізген мамандар экологиялық талаптардың өрескел бұзылғанын анықтады.
Диас Рамазанов, ШҚО экология департаментінің мемлекеттік инспекторы:
- Жоспардан тыс тексеріс кезінде кәріз тазарту қондырғылары істен шыққанын және де кәріз суларын алдын ала тазартусыз Күршім өзеніне төгуі анықталды және де кәсіпорында қоршаған ортаға әсер ету санаты айқындалмаған. Осы тексеріс аяқталған соң кәсіпорынға 4 миллион 147 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды және бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама берілді.
Тазарту қондырғысына жауапты мекеме өкілдері қолдан келгенің бәрін істедік, деп ақталды. Айтуларынша, коммуналдық нысан тек жыл сайын жүргізілген жөндеу жұмыстарының арқасында ғана қалқайып қызмет етіп тұр. Алдыңғы жылы жамап жасқау, жаңарту шараларына 80 миллион теңге жұмсалса, биыл 22 миллион теңгеге бюджеттік өтінім берілген.
Әйгерім Болатбаева, "Күршім" МКК қызметкері:
- Жаңа қондырғы керек, себебі себебі биыл тағы да ағымдағы жөндеу жұмыстарына бюджеттік өтінім беріп отырмыз өзіміздің өкілетті органдарға. Оның төбесін жабу, қайта құбырларды жаңарту деген сияқты. Күтіп қарағанмен бәрібір қаражатты талап етеді, бәрібір де қатты көңіл бөлу керек, ескінің аты ескі.
14 шақырымдық кәріз желісі де шұрық-тесік. Халық саны болса өсіп келеді. Қазір қондырғы қызметін 3 мыңға жуық адам қолданып отыр. Сала басшылары бұл мәселе назарда екенін жеткізді. Су тазалау құрылғысын салу алдағы екі жылға жоспарланып отыр. Қазір жобалық-сметалық құжат жасалып, мемлекеттік сараптамаға ұсынылды, дейді.
Рауан Тұрысбек, ШҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Тиісті орындардың тұжырымдамасын алған соң, бюджеттік өтінім беріледі. Әзірге жоба құны 4 милллиард теңгеден асты. Жалпы қаржыландыру уақытылы жүргізілсе, жұмыс та жылдам жүреді. Біздің ойымызша, 2027-2028 жылдары іске асырылуы мүмкін.
Тазалау қондырғыларының тозуы тұтас облыс бойынша өзекті мәселе,дейді мамандар. Себебі көпшілігі осыдан 45-50 жыл бұрын салынған. Сондықтан олар кезең-кезеңмен жөнделмек. Мәселен, қазір Алтай, Риддер, Серебрянск және Өскемен қаласындағы нысандарды жаңғырту бойынша да құжаттар рәсімделіп жатыр.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов
Тегтер #ШҚО #кәріз #қондырғы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz