RU
Толық нұсқаға өту

Елде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды еңбекпен қамтуға басымдық беріледі

21.04.2026, 16:00 22

Саладағы әлеуметтік саясат өзгеріп, ерекше жандарды жұмысқа тарту ісін ширату көзделіп отыр. 

Жоспарлы жұмысты үкімет негізгі екі тетік арқылы іске асырмақ. Ол бойынша азаматтарға кәсіп үйретіп қана қоймай, тұрақты табыс тауып, ортаға қиындықсыз бейімделуіне жағдай жасалмақ. Биылдан бастап 17 мыңға жуық мүгедектігі бар адамды квотамен қамтамасыз ету назарға алынып отыр. Бастама қалай іске асады? 

Кәмшат Мұхамеджан, тілші: 

- Отырыста айтылған ең маңызды мәселенің бірі – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды еңбекпен қамту жайы. Бұл жүйе енді цифрландырылмақ. Бұрынғыдай кезек күтіп, кабинет жағалау тоқтатылмақ. Оның үстіне жұмысқа орналастыруға бөлінетін квота санын 2 есеге арттыру жоспарланып отыр. Қолдау шарасы қашықтықтан жүзеге асыралады. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдардың кәсіби біліктіліктерін дамытуға мүмкіндік жасалады. Жаңашылдықты жүзеге асыру барысын сала министрі баяндап берді. Асқарбек Ертаевтың мәліметінше, еңбекпен қамту шараларымен 25 мыңнан астам азамат қамтылған. Оның ішінде 8,1 мың адам квота аясында жұмысқа орналасқан.

Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі: 

- Бүгінгі күні елімізде шамамен 752 мың мүгедектігі бар адамдар тұрады. Бұл жалпы халық санының 3,7 пайызын құрайды. Оны ішінде шамамен 56 пайызы еңбекке қабілетті жастағы адамдар. 29 пайыз зейнеткерлер, 15 пайыз балалар. Жыл аяғына дейін арнаулы әлеуметтік көмектер көрсетілетін стандарттарының сапасын арттыру және инклюзивті жұмыспен қамту мүмкіндігін кеңейту жоспарланған. 

Елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 230 мыңнан астам балаға кешенді қолдау көрсетіледі. Президент оқыту саласында тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі. Оған сәйкес, алдағы 4 жылға арналған кешенді тұжырымдама әзірленген. Оқу-ағарту министрінің ақпарынша, жоспарланған жұмыстар жүйелі жүзеге асып жатыр. Осы жылы ерекше білім беру қажеттілігі бар 237 мыңнан астам оқушы тіркелген. Бүгінгі таңда олардың 90%-ы арнайы қолдаумен қамтылып үлгеріпті. Ал жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. 

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Биылғы жоспарға сәйкес, қосымша 40 қолдау кабинеті ашу қарастырылған. Бүгінгі таңда өңірлерде кәсіптік бағдар беруге арналған арнайы жабдықталған 1 мыңнан астам бейіндік сыныптар ашылды. 

Жалпы 1 мыңнан астам орта білім беру ұйымында инклюзивті кабинеттер ашылды. Ал биыл жоспар бойынша қосымша 40 қолдау кабинетін ашу көзделген. Бұл ретте  арнайы педагогика бағыттарының тізімі 8 профильге дейін кеңейтілген. Яғни баланың білімімен қатар, ақыл-ойы мен психологиялық жағдайы да жетілдіріледі. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамдық жерде еш қиындықсыз жүруіне да баса назар аударылған. Енді темір жол қатынасында ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арнайы вагондар енгізіледі. 2030 жылға қарай жүрдек пойыздардың әр құрамында кемінде бір мамандандырылған вагон болмақ. Инватакси жүйесі де кезең-кезеңімен дамып келеді. Мұндағы автопарк 30%-ға ұлғайып, 1426 бірлікке жетті.

Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Асхат Қарақойшиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz