RU
Толық нұсқаға өту

Қазақ-моңғол байланысы: стратегиялық серіктестік нығая түсті

21.04.2026, 17:43 28

Астана – Ұлан-Батыр, Өскемен – Өлгей бағыттарында әуе рейстері қайта ашылады. Моңғолиямен арада төте автокөлік жолын салу да өзекті болып тұр.

Бүгін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Моңғолия президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөз жүргізіп, осы және өзге де мәселелерді талқылады. Киіз туырлықты ағайындармен сауда көркін қыздыра түсу үшін осы бастамаларды жүзеге асыру маңызды болып отыр. 

Риат Шони, тілші:

- Қазақ пен моңғол – тамыры тереңде тоғысқан, ұлан-ғайыр даланы мекендеген екі халық. Қос елдің тұрмыс-тіршілігіндегі ұқсастықтар мен мәдени үндестік бүгінгі әріптестіктің де берік іргетасына айналып отыр. Бүгінде Қазақстан мен Моңғолия арасындағы қарым-қатынас жаңа мазмұнмен толығып, экономикалық байланыстар арқылы нақты нәтижелерге ұласып отыр. Осы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін айқындаған маңызды оқиға – Моңғолия президентінің Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келуі.

Бұл – моңғол басшысының араға 20 жыл салып Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен табан тіреуі. Сондықтан да құрметті қонақты қарсы алу деңгейі жоғары.

Тараптар қол алысып, делегация мүшелерімен танысып болғаннан соң, емен жарқын әңгімелесуге аттанды. Ғасырлар бойы іргесі бөлінбеген халықтар арасындағы қазіргі қарым-қатынас стратегиялық серіктестік рухында дамып келеді. Шағын құрамда келіссөз жүргізген қос елдің басшылары қазақ пен моңғолдың тарихи бауырластығын тілге тиек етіп, арадағы байланыс нығайып келе жатқанына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қажырлы еңбегіңіздің арқасында Моңғолияда көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Былтыр еліңіздің экономикасы 6,8 пайызға өсті. Бұл Сіздің салиқалы басшылығыңыздың жемісі екені сөзсіз. Сіз халқыңыздың әл-ауқатын жақсарту үшін маңызды бастамаларды жүзеге асырдыңыз. Моңғолияда мемлекетті дамытуға арналған «Vision-2050» кешенді жоспары қолға алынғанын білеміз. Сондай-ақ Қарақорым атты жаңа қала салуды бастап кеттіңіздер. Бірегей жобалардың табысты болуына тілектеспіз.

Өз кезегінде Ухнаагийн Хурэлсух қонақжайылылық танытқаны үшін қазақ басшысына алғысын білдіріп, тарихы ортақ, тамыры бір бауырлас елдің де жетістіктеріне қуанатынын жеткізді. Бұл сапардан мол нәтиже күтетінін де жасырмады.

Ухнаагийн Хурэлсух, Моңғолия президенті:

- Құрметті Президент мырза, Сіздің көреген, парасатты және жоғары кәсіби басшылығыңыздың арқасында Қазақстан экономикалық және әлеуметтік салаларды дамытуда айтарлықтай табысқа жетті. Моңғол халқы еліңіздің жетістіктерін жіті бақылап отыр. 2024 жылғы Моңғолияға сапарыңыз барысында оннан астам құжатқа қол қойылды. Бүгін де бірқатар маңызды құжаттар қабылданады.

Моңғолия

Қазақстан мен Моңғолия тек тарихи жақындықпен ғана емес, Еуразия кеңістігіндегі стратегиялық рөлімен де өзара сабақтас. Екеуі де шығыс пен батысты, солтүстік пен оңтүстікті жалғап жатқан маңызды геосаяси көпір. Қос мемлекет арасындағы сауда-саттық жыл сайын қарқын алып келеді.

Көрсеткіш былтыр 130 млн доллар болған. Оның 93 пайызға жуығы қазақстандық экспорт. Сандар көңіл көншіте қоймайды. Сондықтан тараптар алыс-берісті 500 млн долларға дейін жеткізу жөнінде келіскен болатын. Ол үшін осы сапар барысында Моңғолиядан көптеген кәсіпкерлер келді. Сауданың көркін ауыл шаруашылығы, пайдалы қазбаларды өндіру арқылы қыздыруға болады. Қос ел бір-бірімен шекаралас болмағандықтан, үшінші мемлекеттер арқылы төте жол салу жайы өзекті. Яғни «ТрансАлтай» бастамасының жүзеге асырылуы тараптар үшін ұтымды болмақ.

Бейсен Булан, Моңғолия Ұлы Хуралының депутаты:

- Жол ашу мәселесін Қазақстан, Моңғолия, Ресей үшеуі шешетін мәселе. Енді сол жол кішкене қатаң болғандықтан Қытай жағынан ашу жайы қаралып жатыр. Сол 54 км жолды ашатын болса, Моңғолияға көп сауда қатынас, логистикалық мүмкіндіктер бар деп көріп отырмыз.

Осы және өзге де мәселелерді Президенттер кеңейтілген құраммен отырып, жан-жақты талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, бірқатар бағытта әріптестікті дамытатын әлеует жоғары.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өнеркәсіп саласына қатысты нақты жобаларды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бүгін елордамызда қазақ-моңғол бизнес-форумы өтеді. Оған Моңғолиядан келген көптеген компания қатыспақшы. Біз мұны толық құптаймыз. Сіздің де тарапыңыздан көрсетілген қолдауға ризашылығымды білдіремін.

Қазақстан – Моңғолия үшін Орталық Азия аймағындағы алғашқы стратегиялық серіктес. Елімізбен ынтымақтастықты одан әрі нығайту, сауда-экономикалық байланысты кеңейту бүгінде Моңғолияның сыртқы саясатындағы басымдықтардың бірі болып отыр. Киіз туырлықты ағайындар арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыс та ажырамаған. Бүгінде елдегі 57 университетте 1700-ден астам моңғол студенті білім алып жүр. Ухнаагийн Хурэлсухтың осы жолғы сапары аясында Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты мен Шыңғыс хан зерттеу институтының арасындағы келісімге қол қойылды. Бұл уағдаластық «Алтын Орда» дәуірін зерттеуде қос тараптың етене жұмыс істеуіне мүмкіндік бермек. Қатталған құжаттардың арасында уран саласындағы келісім де бар.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

- Өз тәжірибемізбен «Эрдэнэс» компаниясымен бөлісетін боламыз. «Эрдэнэс» – бұл Моңғолияның ұлттық холдинг компаниясы. Соған МонАтом тағы басқа ірі компаниялары кіреді. Сондықтан біз өз тәжірибемізбен бөлісетін боламыз. Одан басқа критикалық минерал және уран саласындағы барлау жұмыстарын Моңғолияда жасауды қарайтын боламыз.

Сондай-ақ моңғол басшысының сапары барысында тараптар Астана – Ұлан-Батыр, Өскемен – Өлгей бағыттарындағы әуе рейстерін қайта ашуға келісті.

Моңғолия

Тағы еліміз Баян-Өлгей аймағында Қазақстан консулдығын ашуды жоспарлап отыр. Бұл бастама өңірдегі қандастармен байланысты нығайтып, екі ел арасындағы өзара ықпалдастықты тереңдете түспек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мұны, шын мәнінде бауырлас әрі тарихы тамырлас елдеріміздің арасындағы стратегиялық серіктестік рухына сай келетін маңызды қадам деп айтуға толық негіз бар. Сондай-ақ бұл моңғол елінің қазақ халқына деген ізгі ниеті мен шынайы достық көңілінің айқын көрінісі екені сөзсіз. Біз бұл шешімді жоғары бағалаймыз. Осы орайда, мен Президент Хурэлсух мырзаға зор алғысымды айтқым келеді.

Жалпы айта кету керек, Моңғолия президентінің сапары аясында сан саланы қамтыған 13 құжатқа қол қойылды.

Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz