Түркістанда «Ерлік пен бірлік – заң мен тәртіптің тірегі» атты тағылымды акция өтті. Осыған орай «Таза Қазақстан» аллеясының іргетасы қаланды.
Айтулы шараны Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен облыс әкімдігі Қазақстан халқының бірлігі күні және Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай ұйымдастырды.
«Таза Қазақстан» аллеясына қазақ халқының көрнекті батырлары мен тарихи тұлғалары дүниеге келген өңірлерден жеткізілген көшеттер егілді. Әрбір ағашқа сол тұлғалардың есімі беріліп, экологиялық мәдениет пен тарихи жадыны ұштастырған ерекше символға айналды.
Мәлік Отарбаев, ҚР Президентінің кеңесшісі:
- Тазалықты сақтайтын тетіктер болады. Ол ең бірінші – «Заң мен Тәртіп». Біздің тарихтан келе жатқан ұлттық құндылықтарға деген құрмет. Бұл бастаманы біз әр дайым қолдайтын боламыз. Жастарымыз да үнемі «Таза Қазақстан» деген ұғымға мән беретін болса, онда біздің алмайтын асуымыз, бағындырмайтын белесіміз қалмайды.
Бұл жоба табиғатты қорғау ғана емес, елді ортақ құндылықтар төңірегінде топтастыратын маңызды идеологиялық алаңға айналды. Шараға мемлекеттік қызметкерлер, зиялы қауым, жастар, түрлі этнос өкілдері, соғыс ардагерлерінің ұрпақтары мен балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты.
Ерасыл Өскенбаев, Арыс қаласындағы отбасылық үлгідегі балалар үйінің тәрбиеленушісі:
- Арыс қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушісі, академик Төлеген Тәжібаев және Кеңес одағының бес батыры Берген Исаханов, Садық Смайылов және тағы басқа ағаларымыздың атынан ағаш егілді. Біз өте қуаныштымыз. Табиғатты қорғау біздің міндетіміз деп білемін.
Винават Шарипова, ҚХА мүшесі:
- Барлық Қазақстандықтарды, қазақ елін 1 мамыр бірлік күні мен 9 мамыр Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын!
Акция тек ағаш отырғызумен шектелмей, қоғам санасына терең мән сіңіретін, елдік құндылықтарды дәріптейтін тағылымды шараға ұласты.
Көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлаған концерттік бағдарлама ұсынылды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
Тегтер #Таза Қазақстан #Заң мен тәртіп #ТүркістанPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz