RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан мен Моңғолия мәдени ынтымақтастықты нығайтады

21.04.2026, 23:38 23

Үкімет басшысының орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар министрі Алдаржавхлан Жуковынмен серіктестік жиынын өткізді. 

Келелі кездесу барысында қос елдің мәдени, рухани серіктестігін сан бағытта дамыту жолдары талқыланды. Әріптестік басқосу концерттік шарамен жалғасты. Моңғолияның Ұлттық академиялық үлкен өнер театры Астанада шығармашылық концертін ұйымдастырды. Шара Моңғолия президентінің мемлекеттік сапары аясында өтіп отыр. 

Қазақстан мен Моңғолия арасындағы әріптестікті дамыту жолдары екі елдің мәдениет өкілдерінің кездесуінде айтылды. Жүздесу барысында Аида Балаева бұл сапар екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін маңызды кезең болатынына сенім білдірді. Премьер-министрдің орынбасары архив ісі, мәдениет, әдебиет және креативті индустриялар бағыттарындағы өзара ықпалдастықты дамытудың маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар Моңғолия архив қорларын қазақстандық ғалымдардың қатысуымен бірлесіп зерделеу, суретшілердің өзара көрмелерін ұйымдастыру, әдеби байланыстарды кеңейту, сондай-ақ бірлескен шығармашылық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне айрықша назар аударылды. Бұдан бөлек, Үкімет басшысының орынбасары Моңғолия министрін 19-20 мамыр күндері Астанада өтетін «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумға қатысуға шақырды.

Алдаржавхлан Жуковын, Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар министрі:

- Әріптестік қарым-қатынасты нығайтуға барлық негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге біз дайынбыз. Тарихи, рухани байланыстарымыз бен өзара жоба-жоспарларымыз ортақ. Ерекше атап өтетінім, қазақстандық тарапқа концертті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіргім келеді. Бұл шара екі халық арасындағы достық пен мәдени ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз. 

Концерттің ашылуында Аида Балаева сөз алды. Қазақстан мен Моңғолия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Ортақ тарихымызды тереңірек тануға жасалып жатқан жүйелі істерге тоқталды. Бүгінде мәдени мұраны сақтау және насихаттау бағытында нақты нәтижелерге тоқталды. «Архив – 2025» жоспары аясында Моңғолиядан Қазақстанға жүзге жуық фотоқұжаттар мен кинофильмдердің көшірмелері жеткізілген. Сонымен қатар кітап және әдеби байланыстар да қарқынды дамып жатыр. Өткен жылы моңғолдың көрнекті жазушысының «Ламаларға жасалған қанды қырғын» атты тарихи романы қазақ тіліне аударылып, 3 мың данамен ел кітапханаларына таратылды. Өз кезегінде Баян өлгей аймағынан келген меймен да әріптестік қарым-қатынасты нығайтуға ниетті екенін айтты. Мәдени жақындастықтың жарқын көрінісі ретінде «Әсем Моңғолия» атты концерт ұйымдастырылғанын атап кетті. Бұл шара Моңғолия Президентінің мемлекеттік сапары аясында жоспарланған. 

Гүлнұр Кәлекешова, қала тұрғыны:

- Бүгінгі кеш өзіме қатты ұнады. Өнер адамы ретінде көзім ұлттық киімдерге түсті. Ерекше әдемі. Сонымен қатар өздерінің билері мен дәстүрлі ерекше. Керемет жоғары деңгейде. 

Ағеділ Тойшанұлы, Моңғолияның Қазақстандағы мәдениет елшісі:

- Моңғолия Мәдениет министрлігі тарапынан ұйымдастырылған «Моңғолдың әсем отаны» атты концерттік бағдарлама, сонымен бірге музыкалық аспаптардан көрмеге келіп, халық жақсы тамашалап отыр. Бүгін президенттердің кездесуінде де айтылды. Мына екі елдің ортасында тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай мәдени күндер өткіземіз деп отырмыз. 

2024 жылы екі министрлік арасында ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдеме қабылданып, мәдениет пен өнер саласындағы өзара іс-қимылға жаңа серпін берілді. Бүгінгі шара да сонымен дәстүрлі жалғасы. Бүгін Астананың төрінде моңғол халқының ұлттық өнері көрерменге ұсынылып отыр. Моңғолияның дәстүрлі тұрмысы мен көшпелі мәдениетіне арналған көрмемен де көпшілік таныс болды. Шыңғыс хан, Жошы хан және Сүбедей батырдың портреттері қойылған көркем экспозиция таныстырылды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz