RU
Толық нұсқаға өту

Ауыл әкімдерінің құзіреті кеңеймек

22.04.2026, 19:09 16

Енді аудандық білім бөлімдері оқу ошақтарын жаңартып жаңғырту үшін облыстық білім басқармаларына алақан жаймайды.

Яғни бұрынғыдай бүлінген мектептерді бүтіндеу үшін аймақ әкімдігінен ақша бөлінгенін күтіп отырмайды. Әр елді мекендегі  білім саласының бюджетіне аудандық білім бөлімдері ие болады. Депутаттардың бір бөлігі бұл бастаманы қос қолдап қолдаса, екінші тарап үзілді-кесілді қарсы болып отыр. «Мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» заңға тағы қандай өзгерістер енбек?

Қазіргі ауыл әкімдері үшін қолбайлау көп. Құзіреті шектеулі, бюджеті де жоқ. Депутаттар ауыл басшыларының қазіргі жағдайы осындай күйде дейді. Сол себепті тұрғындардың талап-тілегін орындау да қиынға соғуда. Бұған қаржының аздығы қолбайлау. 

Мақсат Толықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазір ауылдардың өзін өзі қаржыландыру деңгейі небары 30%-дың айналасында. Бұл ауылдардың дербес дамуына мүмкіндік жоқ деген сөз. Сондықтан мүлік салығынан бастап, экологиялық айыппұлдар, санитарлық нормаларды бұзған кәсіпорындардан түсетін төлемдер сол ауылдардың өзінде қалуы тиіс.

Елдегі мектептердің үштен екісі осы ауылдарда орналасқан. Саны 5 мыңнан асады. Сол білім ордалары бүліне қалса, бүтіндеуге келген ауыл әкімі тағы дәрменсіз. Себебі мектеп пен балабақшаның бюджетін облыстық білім басқармасы бөледі. Мәжілісмендер мұндай мәселе көп күттірмей шешілу керек дейді. Сондықтан сала қаржысын баяғыша аудан әкімдігіне беру керек деп санайды.

Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Үкіметтің тарапынан мектепке дейінгі білім беру және тәрбие, бастауыш, жалпы орта білім беретін саланың бюджетін облыстан ауданға түсіру туралы шешімді Үкіметтің қолдағаны айтылады. Және сол шешімді бүгінгі біз қарап отырған «Жергілікті басқару және өзін өзі басқару туралы» заң жобасының қорытындысының шеңберінде дайындалып жатқаны айтылады. Бірақ Үкіметтен келген заң жобасына қарасақ, аталған шешім көрініс таппапты + Бюджетті облыстан аудандық деңгейге түсіру туралы шешімді жаңа оқу жылына дейін іске асырып үлгереміз ба? Жоқ па?

Бауыржан Омаров, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

- Оның ішінде тек қана балалардың жазғы демалысына қажетті шығындарды және ыстық тамақпен қамтамасыз ету шығындарын сақтап қалады облыс. Қалған шығындардың барлығын аудандық деңгейге беру бойынша қорытынды келіссөз аяқталып біткен жоқ. Бірақ  екінші оқылымға дейін біз енгізіп үлгереміз. Әрі қарай шешімді өздеріңізге ұсынатын боламыз.

Алайда Асхат Аймағамбетов бастаған бір топ депутат бұған жол беруге болмайды деп, үзілді-кесілді қарсы шықты. Білім саласы ескі жүйеден енді ес жиғанда, 4 миллион баланың болашағын жергілікті билікке сеніп тапсыруға болмайды деді. Егер заң күшіне енсе, 6 жыл бойы жүргізген реформа еш кететінін айтады. 

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мектептерді облыс деңгейіне өткізгенде біз не көрдік? Біріншіден, еліміздегі мектептердің жартысына жуығында заңды құжаттар болмады. Тех паспорт, жер актісі болған жоқ. Тіпті жерлері жекеге өтіп кеткен факітлер көп болды. Бюджеттің 95 пайызы тек коммуналдық төлемдерге кететін, дамуға нөл деуге болады. Ескі басқару жүйесінде мектеп әрқашан мектеп әрқашан басымдықтар тізімінің ең соңғы орнында тұратын.

Аталған құжатқа өзгеріс пен толықтырулар енгізудің негізгі мақсаты атқарушы биліктің тұрғындар үшін ашық болуы. Мәслихаттардың құзіретін күшейту және жергілікті әкімдіктің бюджетті өз қажетіне қарай жұмсауына мүмкіндік беру. 

Ескендір Мұқаш, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Баяғыда аудандық, қалалық мәслихаттар негізінен тек қана бюджетті бекітетін. Ал енді мәслихаттар сол бюджеттік комиссияға кіріп, сол бюджетті қалыптастыруға қатысады. Әкімдер екі рет халықтың алдында есеп береді. Сол іс шаралардың барлығын қазір мәслихат қадағалайды. Санитарлық тазалау ережелерін, экологиялық қалдықтармен жұмыс істеу ережелерін барлығын кіргіздік.

Осылайша «Мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасының бірінші оқылымында тараптар ортақ мәмлеге келе алмады. Құжат екінші оқылымда тағы қайта қаралады. 

Шерхан Абзалұлы, Артур Горшняков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz