Ақтөбе қаласында жыл басынан бері 200-ге жуық адам қаңғыбас иттердің шабуылынан зардап шеккен.
Олардың қатарында ересектермен бірге балалар да бар. Мамандардың айтуынша, шабуыл жасаған иттердің арасында чип салынған жануарлар жиі кездеседі. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, иесіз төбеттер саны азаймай отыр.
Мадияр Шакраттың қайтыс болғанына төрт жыл өтті. Қара жамылған отбасы қабырғаны қайыстырар қайғыдан әлі күнге дейін арыла алмай келеді.Серуендеуге шыққан Мадияр үйіне оралмаған соң, ата-анасы оны шұғыл түрде іздеуге кіріседі. Көп ұзамай алтыншы сынып оқушысының денесі табылыпты. Баланы қаңғыбас иттер талап өлтірген. Мадиярдың анасы қаңғыбас иттердің әлі де қаланың кез келген ауданында еркін жүретінін айтып, алаңдаушылық білдіреді.
Кенжегүл Науметова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Заңды өзгерту керек деп ойлаймын мен, итті атуға болмайды деген заң дұрыс емес менің ойымша. Итті ату керек, иттті қолға алған адамдар бағуға оны қарау керек. Мадияр қайтатын жылы да усыплять етті ғой, одан таусылған жоқ.
Күн сайын ветеринарлық қызметке қаңғыбас иттерге қатысты оннан астам шағым түседі. Қараусыз жануарларды аулап, чип салып, стерилизация жасайды, бірақ олардың саны азаймай отыр. Мамандардың мәліметінше, қазіргі таңда облыс орталығында және оның шет аймақтарында шамамен 25 мыңға жуық осындай иесіз жануар тіршілік етеді.
Отарбек Әбшанов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Бұл шаруа әлі шешілген жоқ толыққанды, сол болған жағдай сол күйінде қалған сияқты менің өзімнің жеке пікірім. Өйткені мен көрем көшелерден қаңғыған иттерді. Меніңше, итке бір дұрыс заң керек сияқты. Қадағалау жағынан, жақсы көретін шығар. Ұстағысы керек шығар, бірақ соған сол итке жауапты болу керек деп ойлаймын.
Қазіргі таңда қоғамда жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңға енгізілетін түзетулер қызу талқыланып жатыр. Парламент Мәжілісінің депутаты Қарақат Әбденнің айтуынша, бұл мәселе өте өзекті. Заңға енгізілген түзетулерді қабылдау барысында сарапшылардың пікірлері ескерілген.
Қарақат Әбден, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біз қаңғыбас иттердің көбейіп бара жатқаны туралы жиі естиміз. Жануарларды қорғаушылардың пікіріне қарамастан, нақты деректер бар екені анық. Біз бәріміз итті жақсы көреміз, менің балаларым да жақсы көреді. Бұл жерде ешкімнің мүддесіне нұқсан келтірмейтіндей ортақ мәдениет қалыптасуы керек. Біздің қабылдаған шешімімізді әділ деп есептеймін.
Ақтөбеде жыл басынан бері қаңғыбас иттерден 200 адам зардап шеккен. Ал өткен жылы осы тектес 580 жағдай тіркелген.
Қарлығаш Қасиетова Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков
Тегтер #Ақтөбе #қаңғыбас иттер #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz