Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстары қарқын алды.
«Бәйтерек» холдингіне қарасты «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ «Кең дала 2» бағдарламасымен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жеңілдетілген несие беріп, қаржылай қолдап отыр. Көктемгі дала жұмыстары мен күзгі жиын-терімге қажетті қаржы шаруаларға былтырдан бері беріле бастады. Мамандар мұндай шаралар елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді дейді.
Мемлекет қолдауын тиімді пайдаланып отырғандардың бірі - Ордабасы ауданындағы «Дала» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Шаруашылық биыл 400 млн теңгеден астам жеңілдетілген несие алып, 1500 гектар аумаққа тамшылатып суару әдісімен мақта егіп жатыр.
Ерлан Низамов, «Дала» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің іс басқарушысы:
- Көктемгі дала жұмыстарына «Бәйтерек» ұлттық холдингіне қарасты Аграрлық несие корпорациясының Түркістан филиалынан 5% жеңілдетілген несие алып, егіс жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бұл бастама шаруалардың маусымдық жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Тамшылатып суару жүйесінің дәстүрлі егістен айырмашылығы өнімді екі есеге дейін артық алады. Одан бөлек су тапшы жерлерді де игеруге мүмкіндік береді.
Мамандар қаражатты ерте бөлу - фермерлерге жанар-жағармай мен минералды тыңайтқыштарды, тұқым мен қажетті құрал-жабдықты тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік беретінін айтады. Сондай-ақ техникаларын уақытылы жөндеп алады.
Бақытжан Күлсінбаев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Түркістан филиалының директоры:
- 2025 жылы Түркістан облысы бойынша 2558 шаруаға 24 млрд 364 млн теңге берілді. Биылғы жылға 1042 шаруаға 20 млрд 86 млн теңге беріліп отыр. Қаржы берілгеннен кейін ауыл шаруашылық тауар өндіруші өзінің алған қаржысын мақсатты түрде пайдалануға тиіс. Әр циклда бізге мақсатты пайдаланғаны туралы жауып отырады. Электронды форматта счет фактура алынады. Біздің мамандар егілген жұмыстарды тексеріп отырады.
Жеңілдетілген несие 5% үстемемен берілді. Өтеу мерзімі де ыңғайлы. Жылдың басында алған несиенің 50%-ын 1 желтоқсанға дейін, қалған 50%-ын келесі жылдың 1 наурызына дейін төлеуге болады. Тағы бір артықшылығы - бір рет алған құжатпен 3 жылға дейін несие рәсімдей алады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #шаруалар #қолдау #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz