Қарағанды қаласында «Кітап оқитын ұлт» ағартушылық жобасының жеңімпаздары марапатталды.
Аталған бастама Мемлекет басшысының ұсынысымен жүзеге асырылып, өткен жылы алғаш рет Қарағанды облысында ұйымдастырылған болатын. Бүгінде бұл жоба республикалық деңгейде кең қанат жайып, ел көлеміндегі маңызды мәдени шаралардың біріне айналды. Биылғы жылы жобаға облыс бойынша 68 мыңға жуық адам қатысып, кітапқа деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы өңірдің қала, аудандарын және шалғай ауылдарын толық қамтыды. Білім жарысында мектеп ұжымдары, ұстаздар, әулеттер, колледждер, жоғары оқу орындары мен мемлекеттік қызметшілер 6 номинация бойынша бақтарын сынады. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев көптің кітап оқуға деген ерекше ықыласын атап өтті.
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:
- Сіздер бір маңызды дүниені дәлелдедіңіздер. Кітапқа деген халықтың ықыласы өшпепті. Демек дамуды саналы түрде таңдаған қоғам қалыптасып келеді. Олай болса өңіріміздің келешегі де кемел болады деп сенемін.
Жобаға қатысушылар белгіленген 15 шығарманы оқып қана қоймай, электронды оқырман күнделігін жүргізді. Онда әр шығармаға талдау жасап, алған әсерімен бөлісіп отырды. Бұдан кейін іріктеу кезеңі тестілеу түрінде өтіп, жеңімпаздар облыстық жарысқа жолдама алды. Сыннан сүрінбей өткен Шалқаровтар шаңырағы 10 мыңнан астам оқырман бақ сынаған «Оқитын әулет» аталымы бойынша жүлделі орынға ие болды.
Жәлел Шалқар, жоба қатысушысы:
- Байқауға қатыспай тұрып кітап оқимыз үйде. Демалыс күндері бір сағат, жұмыс күндері жарты сағат кітап оқу дәстүрі бар. Енді өйткені қазір техниканың дәуірі болғандықтан балалардың уақытын тиімді өткізу үшін, саналы, рухани бай болуы үшін кітап оқу дәстүрін енгіздік.
Облыс бойынша жобаға 68 мыңдай адам қатысты. Зияткерлік жарыс жеңімпаздары қомақты ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бүгінде «Кітап оқитын ұлт» жобасы халық арасында тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыруға, сыни және талдамалық ойлауды дамытуға және кітапты білім көзі ретінде танымал етуге бағытталған ауқымды бастамаға айналды.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #кітап #ҚарағандыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz