Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Қордағы қолтаңбалар» және «Алақандай асыл мұра» атты екі бірегей көрме ашылды.
Оқырмандар назарына ХХ ғасырда өмір сүрген белгілі тұлғалардың Ұлттық кітапхана қорына өз қолтаңбасымен тарту еткен кітаптары мен әлемнің әр түкпірінен жиналған миниатюралық баспалар ұсынылды.
Екі көрмені де кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметі ұйымдастырды. «Қордағы қолтаңбалар» экспозициясында Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Олжас Сүлейменов, Жұмекен Нәжімеденов, Ақселеу Сейдімбектің қолтаңбалы еңбектері ұсынылған. Бұл жәдігерлер тек кітап емес, автор мен кітапхана арасындағы рухани байланыстың, мәдени сабақтастықтың айқын көрінісі, - дейді кітапхана мамандары.
Ертай Біләл, ҚР Ұлттық кітапханасы, сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің маманы:
- Ғабит Мүсіреповтың романы «Қазақ батыры» ең алғаш төте жазумен жарыққа шыққан. Соның алғашқы нұсқасын да ол кісі 1951 жылы өткізеді. Сол жерде «Шалқар шабытты Ғабит Мүсіреповтен» деген өзінің қолтаңбасын бұл кісі төте жазумен қалдырады. Тағы да бір қордағы қолтаңбалы ерекше кітаптың бірі бұл Шәкәрім Құдайбердіұлының ұлы Ахат Құдайбердіұлының Абай туралы кітапты өткізуі.
«Алақандай асыл мұра» көрмесі мазмұны терең, көлемі шағын сирек басылымдарды бір арнаға тоғыстырған. Көрмеге 17-20 ғасыр аралығында жазылған, көлемі 1,5 сантиметрлік Құран Кәрім нұсқаларынан бастап, Кеңес заманында өмір сүрген қаламгерлердің шығармаларының шағын нұсқалары қойылған. Экспонаттар 20-ғасырдың басында қажылықтан қайтқан адамдардан, букинистік кітапханалардан жинақталған.
Алақанға сиятын кітаптар қатарында Социалистік еңбек ері Жазылбек Қуанышбаев, күріш атасы Ыбырай Жақаевтың қанатты сөздері жинақталған мынадай кітаптар бар. Ал көлемі ең кішкентай кітаптың бірі мына Кеңес одағының гимні. Ұзындығы 3 сантиметр, ені 2 сантиметр. Кітаптағы мәтінді оқуға болады. Бірақ ол үшін әрине үлкейткіш әйнек керек.Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар қорында 600-ден аса миниатюралық кітаптар бар. Олар қалтаға салып жүруге қолайлы болу үшін, сондай-ақ кәдесый үшін шығарылған.
Гүлшат Мәсәлімқызы, Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің жетекшісі:
- Мына жерде қазақ тіліндегі, қазақ жазушыларының Орталық Азия, Шығыс, түркі тектес халықтардың шығармаларын жинақтауға тырыстық. Ең бір тоқталып айтқымыз келгені осы түркі тектес халықтардың ішінде ең көнеріп жоғалып бара жатқан халықтың бірі шор. Сол шор тіліндегі «Айтопай» деген поэма кітабының осы кішкентай көлемі сақталған.
Бір қызығы, миниатюралық кітаптардың көпшілігі Кеңес кезеңінде басылған. Тіпті бір жылда қанша шағын кітап шыққаны жөнінде библиографиялық есеп жүргізілген. Ал Қазақстанда мұндай көлемі кішкентай кітаптарды басып шығару үрдісі әзірге қалыптаспаған.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Алматы #кітапханаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz