Ауқымы кең, бағыты бір, мақсат-мүддесі айқын мемлекеттерді тоғыстырған шара үш күнге созылды.
Басқосудың соңғы күнінде Орталық Азия елдері экологиялық білім берудің біріңғай стандартын әзірлеу мен аймақтық ынтымақтастықты нығайту туралы ортақ келісімге келді. Тағы нендей нәтижелер күтіліп отыр.
Басқосудың басты жаңалығы – Орталық Азия елдеріне арналған «Жасыл мектептер» аймақтық платформасының таныстырылуы болды. Енді Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан тың бастаманы қолданысқа енгізуге құлықты. Мұндағы мақсат – экологиялық сананы қалыптастырып, жас ұрпақты қоршаған ортаны қорғауға баулу. Тек оқу жүйесіне өзгеріс енгізіп қана қоймай, білім ордаларының ғимаратын жаңартуға көмектеседі. Климаттық сын-қатерлерге қарсы тұруда жастардың әлеуетін біріктіруді көздейді.
Елдос Абақанов, ҚР ЭТРМ қоғамдық кеңесінің төрағасы:
- 3 күннің ішінде қарқынды түрде кездесулер, өзекті-өзекті сұрақтар бойынша талқылаулар өтті. Саммиттің бір ерекшелігі әлемдік деңгейдегі мамандардың келуі, халықаралық институттардың келуі, оның ішінде халықаралық қаржы институттарының келуін айтсам болады. Саммиттің негізгі мақсаты аймақтық экологиялық мәселелерді талқылау болғандықтан салалық мамандар да келіп отыр.
Саммиттің соңғы күнінде сарапшылар белсенді. Мінберде біраз мәселенің мәні ашық айтылды. Қатарында Қарағандыдағы «Қарметті» газдандыру ісі де бар. Мамандар бұл істі іркіліссіз атқару керек деп отыр. Себебі елдегі ауа ластануының 20-25 пайызы аталған өңірге тиесілі екен. Аймақ көгілдір отынға қосылса, бұл түйткілдің түйіні тарқамақ. Алда атқарар тағы бір шаруа 52 млн гектар жерді зерттеу қолға алынады. Топырақтың құнарлығын тексеруде Германия мен Жапония тәжірибесі қолданылмақ.
Гүлжахан Бимендина, ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетiнiң «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргiзу мемлекеттiк институты» кәсіпорынның бас директоры:
- Германиямен тікелей жұмыс жасап, олардың тәжірибесін қолданатын болдық. Тәжірибесі әрине, бізге өте ұқсас. Өте бір-бірімізге жақын. Өйткені олар топырақтың құнарлылығын жан-жақты зерттейді: аналық жынысқа дейін қазып, тұздану деңгейін анықтайды, барлық көрсеткіштерді алдын ала саралап, соның негізінде жоба жасайды. Бұл – біздің де қалыптасып келе жатқан тәжірибеміз. Кейбір технологияларын қолданатын болып келісімге отырдық.
Жер, су, климат қауіпсіздігі сөз болған алаңда тараптармен құны 2 млрд теңгеден астам инвест жобаларды жүзеге асыруға келісім жасалды. 51 құжатқа қол қойылды. Бұл қатарда 13 меморандум, 16 бірлескен мәлімдеме бар. Нәтижесін келешек көрсетеді.
Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Марат Диханбаев
Тегтер #Өңірлік экологиялық саммит #қорытынды #басқосу #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz