Елімізде жастардың саяси мәдениетін көтеріп, құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған 248 «Жас сайлаушылар клубы» жұмысын бастады.
Бұл туралы Қызылордада өткен республикалық «Жастар және сайлау» форумында мәлім болды. Сыр өңірінде бас қосқан белсенділер электоралдық процесті цифрландыру мен киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған тың жобаларын таныстырды.
«Жас сайлаушылар клубы» – бүгінде еліміздің барлық өңірін қамтыған ірі институтқа айналды. Бұл – жай ғана ұйым емес, жас буынның мемлекеттік маңызы бар істерге араласуына жол ашатын нақты алаң. Форумға қатысушылардың мақсаты айқын. Олар қатарластарының сайлауға деген сенімін нығайтып, саяси белсенділікті арттыруды көздейді. Оралдан келген Сабыржан Лиас бұл мәселені заманауи технология арқылы шешуді ұсынды.
Сабыржан Лиас, форумға қатысушы:
- «Жас сайлаушы» деген интерактивті модуль, яғни сайт жасақтауды ұсындым. Ол сайтта түрлі деңгейдегі депутаттарды және барлық электоралды кампаниялар туралы ақпарат ала алады. Сонымен қатар фейк ақпараттарды ажыратып, өздеріне керек ақпараттарды ала алады. Нақты-нақты, ресми ақпараттар.
Қазіргі цифрлық дәуірде жастардың ақпаратты қабылдау ерекшелігі де өзгеше. Сондықтан электоралдық мәдениетті әлеуметтік желі мен мобильді қосымшалар арқылы насихаттау – уақыт талабы. Алматылық жас белсенділер волонтерлік қызмет пен сайлау процесін бір жүйеге біріктіруді көздейді.
Бауыржан Маханбет, форумға қатысушы:
- Жалпы осы сайлауды цифрландыру бойынша, бұдан бөлек, волонтерлік қызметтер бойынша барлығын жүйелеп алудың бірден-бір тәсілі — ол әлеуметтік желі мен қосымшалар. Сол нәрселерді бір-бірімізге таратып, бөлісіп, көмекшілер арқылы, әлеуметтік желі арқылы бір-бірімізге тәжірибемізді бөлсікеніміз жөн.
Жобалардың ішінде мектеп оқушыларының да туындылары бар. Жас ізденімпаздар сайлау тақырыбын жеңіл әрі қызықты жеткізу үшін комикстер дайындап, тіпті жасанды интеллект негізіндегі платформалар құрастырған. Ерекше көзге түскен стартап иелері Орталық сайлау комиссиясының төрағасы тарапынан жоғары баға алып, марапатталды.
Нұрлан Әбдіров, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Сайлауға қатысу, сайлау туралы ақпаратқа толыққанды қол жеткізу мүмкіндігі, оны жеңілдету, сонымен қатар кибер қауіпсіздік жөнінде де мәселелер көтерілді. Бұл мені қатты қуантты, бір стартап сияқты болып көрінді. Бір емес, бір топ болып оны игеріп жатыр екен. Бұл – бастама. «Жас сайлаушылар клубы» клубтарының институты толыққанды республикада құрылды. Өз жұмысын бастап кетті.
Форум барысында жас буынның ел болашағына бейжай қарамайтыны байқалды. Мұндай жиындар алдағы уақытта басқа да өңірлерде жалғасын таппақ.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев
Тегтер #жастар #саяси мәдениет #ҚызылордаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz