RU
Толық нұсқаға өту

Риддерде ескі үйлер жаңғыртылып жатыр

26.04.2026, 14:55 34

Риддерде 50-60 жыл бұрын салынған көпқабатты үйлердің қасбеті жаңғыртылып жатыр. Көне үйлер шоғырланған аудан заманауи архитектуралық келбетке енеді.

Көшелер жарықтандырылып, ойын алаңдары салынады. Жобаны жүзеге асыруға 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Жалпы облыс бойынша қалаларды абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 

Өскеменнің ортасындағы мына көпқабатты үй 70 жыл бұрын салынған. Қасбеті алғаш рет жөнделеді. Қабырғасының сылағы жаңғыртылды. Ауласын абаттандырып, көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Жалпы қалада осындай ондаған үй жаңа кейіпке енеді.

Қымбат Әбішева, қалалық тұрғын-үй қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі:

- 2025 жылы жаңадан материалдарды қолдана отырып, фиброцементті жұмыстар басталған болатын, биылғы жылы қала әкімшілігімен келісе отырып, сол жұмысты жалғастырып жатырмыз. Яғни бұл жасалған үйлерде техникалық  жағдайларына байланысты фиброцементпен қапталатын болады.

Татьяна Миновская өзі тұратын үйдің сыртын сырлау туралы мәселені талай рет көтерген. «Үй тұрғындары өз күшімен атқаратын жеңіл шаруа емес. Көпшіліктің қалтасы да көтермейді. Бір үйдің сыртын сырлауға кем дегенде 20 млн теңге керек», - дейді .

Татьяна Миновская, қала тұрғыны:

- Үйдің ауласына шыққан кезде көңілім түсіп кететін. Сылақтары түсіп, ескі бояуларынан түк қалмаған еді. Енді мінеки, ауланы да, сыртын да жөндейтін болды. Соған қатты қуанып жүрміз.

Риддердің де келбеті өзгереді. Мұндағы тұрғын үй қоры да ескірген. «Абаттандыру жұмыстары шалғайдағы өзге аудан орталықтарында жүргізіледі», - дейді сала басшылары. 

Рауан Тұрысбек, ШҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Биыл осы абаттандыру шараларын іске асыру үшін 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Ескі үйлердің сырты ғана емес, көшелер жарықтандырылады, елді мекендерде жаңа балалар алаңқайлары салынады.

Қаланы көріктендіру тек үйдің қасбетін жаңғыртумен шектелмейді. Көгалдандыру мен тазалық шаралары қатар жүреді. Осы ортақ жұмысқа тұрғындар да ат салысса дейді жауаптылар. Өңірде жалпы 11 мың түп көшет егу, мың гектардан астам аумақты тазалап, бұлақ көздерін ашу жоспарланып отыр.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Дмитрий Пыхтин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz