Маңғыстау облысында көшпелі құмды бөгеуге қураған қамыс қолданылады. Өңірде апта сайын сенбілік ұйымдастырылып жатыр.
Теңіз жағалауындағы тазалық шарасында, кепкен қамыс бөлек шабылады. Мамандар олардан қоршау жасап, құм басу қаупі бар ауылдарға егілген сексеуілдің, өсіп-өнуіне жағдай жасап отыр.1700-дей түтіні бар Сенек ауылы Қарақия ауданында құмды алқапта орналасқан. Соңғы жылдары елдімекен шетіндегі қорымды, бірнеше үйдің ауласын құм басып қалды. Көшпелі құмды тоқтату үшін биыл ауыл аумағына 45 мың түп сексеуіл және жүзгін көшеті егілді. Жас өскіндер Қызылорда облысынан әкелінген.
Оңғарбай Жолдасов, агроном:
- Ол жақта жерасты суы жақын болғандықтан үнемі биік болады. Ал біздерде оазис қой, шөлейтті жерлерге бейімделіп кетуі үшін олардың біржылдық көшеттерін алып келдік. Себебі үлкенін алып келсек оның тамыры дамымай қалуы мүмкін. Сондықтан 50 сантиметрдей болған көшеттерді әкеліп ектік.
Разғали Құлпыбаев, Сенек ауылының тұрғыны:
- Үкімет мұны қолға алды. Егер қолға алмаған жағдайда мына елді құм басатын еді. Құм деген ауылымызға шейін келіп тұр еді. Ол сексеуіл тығыз болып өсті. Қазір оны қайтадан қолға алып, төменгі жағынан кәдімгі сеткісін тартып, керемет қылып жасап жатыр. Сол жұмыс әрі қарай жалғаса берсе, мұның бәрі елге пайда.
Мамандар құмды алқапқа егілген сексеуілдің айналасын қураған қамыспен қоршап жатыр. Қамыс түптері сыммен байланған соң биік әрі берік қоршауға айналады. Кепкен жасыл желек Ақтауда теңіз жағалауында өткен сенбіліктерде шабылып алынып, Қарақия және Маңғыстау ауданына жеткізілген.
Каспий жағалауында қамыс өздігімен қаулап өседі. Аптап ыстықта кепкен желектің темекі тұқылы немесе шыны сынығының күнге шағылысуынан тұтану қаупі жоғарылайды. Осының алдын алу үшін қураған қамыс әр сенбілік сайын орылып алынады.
Әділет Қарашбай, мердігер мекеме өкілі:
- Сол көшпелі құмнан қорғау жұмыстарына осы қамысты біз тоқып, механикалық қорғаныш ретінде пайдаланамыз. Сексеуіл, жүзгін, жыңғыл көшеттері егілгеннен кейін жас кезінде оны құм басып қалмасы үшін осы қамыс оны бір жыл қорғап тұрады. Содан кейін сол құмның астында қалады. Табиғи өнім болғандықтан ешқандай зияны болмайды.
Жарма, Сазды, Сауысқан және Сенек ауылында құм тоқтату жұмыстары бес жылға жалғасады деп жоспарланған. Жоба бойынша 100 гектар аумақта сексеуіл егіліп, сол арқылы жасыл қоршау салынады. Өсімдіктер толық өсіп-жетілгенге дейін үнемі бақылауда болады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Маңғыстау #құмPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz