Елде 1 шілдеден бастап ипотекалық несие беру шарттары өзгереді. Енді екінші деңгейлі банктер бастапқы жарнаны 30 пайыздан аз төлегендер үшін мөлшерлемені 25%-ға дейін көтереді.
Ал одан көбірек бастапқы жарна төленсе, қарыз пайызы 20-дан аспайды. Бұл жаңашылдық кімдерге пайдалы, ал кім ұтылады?
«Жаңашылдықтың мақсаты – тұрғындарды көбірек бастапқы жарна жинауға ынталандыру», - деп түсіндірді Ұлттық Банк төрағасы. Айтуынша, қолданыстағы шарттар жалпыға бірдей әділетті емес. Қарыз алушы қанша жарна берсе де, пайыздық мөлшерлеменің айырмашылығы жоқ. Енді көбірек бастапқы жарна құйған азамат қана пайыз жағынан ұтады.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық Банк төрағасы:
- Осы өзгерістер осы жылдың 1 шілдесінен күшіне енеді деп жоспарлаймыз. Жалпы бір сөзбен айтқанда, егер сіздің бастапқы жарнаңыз 30% немесе одан асатын болса, берілетін ипотеканың мөлшерлемесі 20%-дан аспауы керек. Егер бастапқы жарнаңыз 30%-тен төмен болса, онда қалған 70%-ға берілетін мөлшерлемесі 25%-дан аспау керек. Ол деген бастапқы жарна көбірек болсын деген ынталандыру.
Экономистер пікірі қандай? Олар қарапайым тұтынушылар үшін талаптар қатаңдайтынын айтып отыр. Тек банктер өздерінің тәуекелдерін тиімді басқаруды көздейді. Себебі қазірдің өзінде ипотекалық қарызын төлей алмай жүрген азаматтардың қатары артқан.
Бауыржан Ысқақ, экономист сарапшы:
- Бұрынғыдай емес, ипотека алу қиындайды. Бұрында аз құжатпен кепілсіз несие алу мүмкіндіктері көп болатын болса, енді банктер шарттарды көбейтіп жатыр. Екіншіден, азаматтардың ресми түрде жарияланған кірістері есепке алынатын болады. Барлық сырттан табатын табыс, жалақыңыз ресми түрде шот арқылы өтетін болса ғана несие алу мүмкіндігіңіз артады.
Сарапшылар бұл нормалар ипотекалық несиенің қолжетімділігіне кедергі келтіретінін алға тартады. Онсыз да ипотекалық қарыздар бойынша мөлшерлеме жоғары. Бұны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова да растады. Тіпті жаңашылдықты қолданысқа енгізу мерзімін елдегі ақша-несие шарттары оңтайланғанға дейін шегере тұру жайы да сөз болған.
Мадина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:
- «Отбасы банк» тарапынан ипотекалық өнімдердің кеңейтілуіне қарамастан жалпы ипотеканың қолжетімділігі әлі де шектеулі болып қалуда. Тұрғын үй бағасы өсіп жатыр. Жеңілдетілген ипотекалық өнімдерге бұл ипотеканы нарықтық мөлшерлемелермен ала алатын азаматтар үшін де қолжетімділік бар. Бұл өнімдердің нақты атаулылығын ажырату керек. Біз осы атаулылықты арттыру қажет деп санаймыз.
Иә, Агенттік төрағасы жеңілдетілген ипотеканы тек нақты мұқтаж топтар ғана қолданғаны дұрыс деп есептейді. Бұл пайым да ойға қонады. Айта кетейік, «Отбасы банк» бүгінге дейін 665 мыңға жуық қарыз берді. Оның 162 мыңнан астамы мемлекеттік бағдарламалар аясында рәсімделді. Айтпақшы, алдағы айда зейнетақы жинағындағы қолдануға болатын шекті мөлшер тағы көтеріледі. «Отбасы банк» қазақстандықтарды қолжетімді соманы аударып үлгеруге шақырды. Шартқа сай, бұл қаражатты баспана жинағына бағыттауға болады.
Авторы: Рухани Әбдірахман
Тегтер #ипотека #несие беру #шарттар #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz