«Рахат» кондитер фабрикасының кәмпиттерінен дәм кетті. Бұрынғыдай тіл үйірмейді. Ел брендіне айналған «Қазақстан» шоколадының да дәмі өзгерген.
Бағасы да жылдан-жылға қымбаттап жатыр. Тұтынушылар осылай деп шағым айтты. Фабрика өкілдері бұған қандай уәж айтады?
Степногорск тұрғыны Владимир Григорьев «Рахат» фабрикасының тұрақты тұтынушысы. «Оның кәмпиттерінің дәмі балалық шақты еске салады. Мен ғана емес, көпшілік сондай ұстанымда», - дейді. Қонаққа барса немесе шет жерге шықса, «Қазақстан» шоколадын міндетті түрде ала барады. Алайда соңғы кезде оның дәмі бұзылды деп қынжылады.
Владимир Григорьев, Степногорск қаласының тұрғыны:
- Соңғы жылдары «Қазақстан» шоколадының сапасы төмендеп кеткен сияқты. Ащы дәм шығады. Оның немен байланысты екенін нақты білмеймін. Мүмкін, қосатын ингредиенттер қымбаттап, арзанын алып жатыр ма немесе какаоның құрамы өзгерді ме әйтеуір айырмашылық анық сезіледі. Мұны тек мен ғана емес, басқалар да байқай бастады деп ойлаймын.
Владимир Григорьевтің сөзін алматылық Сәуле Юсупова да қостайды. Ол да «қазіргі шоколад бұрынғыдай емес. «Құрамында басқа бір қоспа бар сияқты. Кәмпиттердің дәмі бір-біріне ұқсағандықтан, ажырата алмайсың», - дейді.
Сәуле Юсупова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Қазіргіні жесең, біртүрлі, нағыз шоколад емес сияқты. Оның үстіне кәмпиттің ішіндегі шоколадтың мөлшері азайған. Мысалы, «Белочка» кәмпитінің шоколад қабаты өте жұқа. Ішіндегі салмасы тіпті көрініп тұрады. Дәмінде қышқылдау реңк пайда болған, бұрынғы кәмпиттерге мүлде ұқсамайды. Фирмалық дүкенге кіруден де қорқасың. Шоколад кәмпиттердің бағасы келісі 5 мың теңгенің көлемінде.
Ал «Рахат» кондитер фабрикасының өкілдері бұл пікірмен мүлдем келіспейді. Технолог Светлана Копань осы жерде 40 жылдан бері жұмыс істейді. Оның айтуынша, «Қазақстан» шоколадының рецепті шыққаннан бері өзгермеген. Сол күйінде қалып отыр.
Светлана Копань, «Лотте Рахат» АҚ технологы:
- Біз шикізатты тұрақты жеткізушілерден аламыз. Олармен бірнеше жылдан бері тұрақты байланыс орнатқанбыз. Ауыстырмауға тырысамыз. Жабылып қалған жағдайда немесе тапшы болған кезде ғана басқасына ауысуға мәжбүрміз. Шикізатты негізінен Европадан әкелеміз. Қандай түрі болсын ең мықты деген кәсіпорындардан, сол өнім шығатын жерден аламыз. Мәселен, қараөрік Калифорниядан, бадам АҚШ-тан, құрғақ сүтті тіпті Уругвайдан әкелеміз. Какао мен бұршақ та сондай. Осы өнімдер өсуге бейімделген аймақтан жеткіземіз. Сондықтан онда бөгде дәм болмайды.
Дегенмен әлеуметтік желідегі пікірлер әрқилы. Бірі оны бренд санайды. «Ал қарсы тарап одан дәм кетті, сапаны жақсарту керек», - деп есептейді. «Рахат» өкілдері өз өнімдерін барлық талапқа сай дегенімен, шағым білдірушілер өз ойынан қайтар емес. Оған қоса, бағасының өскені байқалады. Көпшілік бренд санап, сүйіп жейтін «Қазақстан» шоколады сапасын сақтап қала ма, оны уақыт көрсетеді.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев
Тегтер #Рахат #бренд #«Қазақстан» шоколады #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz