RU
Толық нұсқаға өту

Түркістан облысында 50 мың бас ірі қараға арналған бордақылау кешені салынып жатыр

27.04.2026, 22:51 32

Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылында 50 мың бас ірі қараға арналған бордақылау кешені салынып жатыр. Ірі инвестициялық жобаның бірінші кезеңі аяқталды.

Қазір екінші кезеңінің құрылысы басталды. Жобаны жүзеге асыруға мемлекет қолдау көрсетеді. 

Жандос Жұмабек, тілші:

- Орталық Азияда теңдесі жоқ МЕГА ферманың жалпы ауданы 2900 гектардан асады. Қазірдің өзінде шаруашылықта 30 мың бас мал бар. Қазақы ақбас, әулиекөл және ангус тұқымды ірі қара өсіріліп жатыр. Алып мал бордақылау кешені аустралиялық технология негізінде «торлы» қоршау әдісімен салынған. Бұл жүйе бойынша бордақылау алаңы арнайы секторларға бөлініп, әр қоршаудың ішіндегі мал жасы мен салмағына қарай топтастырылған.

Жоба мемлекеттің қолдау шаралары мен жеке инвестициялар есебінен  жүзеге асып отыр. Бірінші кезеңде бордақылау алаңын салуға 2,9 млрд теңге бағытталса, екінші кезеңді іске асыруға мемлекет тарапынан 5,9 млрд теңге қолдау көрсетілді. Қалған қаржы жеке инвестициялар есебінен қамтылған. Жоба құны - 16,2 млрд теңге.

Сырым Ертаев, жоба инвесторы:
- Бірінші кезең бітті.
Екінші кезеңнің құрылысы басталып кеткен. Шілде айының аяғына дейін аяқталады. Ал тамыз, қыркүйек, қазан айынан бастап сатып алуды бастаймыз да, жылдың соңына дейін малды толтырамыз. Малдың бәрін Қазақстаннан сатып аламыз. Сондықтан бұл мемлекетке, халыққа да өте тиімді. Өте үлкен өндірістік цикл құрылады.

Кешендегі өндірістік жүйе толық автоматтандырылып, халықаралық биоқауіпсіздік талаптарына сәйкестендірілген. Мамандар малды азықтандырудан бастап, ұстау, ветеринарлық қолдау, күйзеліс жағдайын төмендету және өнімділігін арттыруға мән берілгенін айтады. Жем-шөп малдың жай-күйіне қарай автоматты жүйе арқылы есептеліп беріледі. Мал азығын тасымалдайтын техникалар да сандық жүйеге негізделген. Жүргізуші алдындағы манитордан тек бақылап отырады.

Қожахмет Әмірханұлы, техника жүргізушісі:

- Арғы жақта жемді дайындап жатқан кезде де тиегіште де сол маниторлар тұрады. Қай қораға қанша келі керек. Қандай рационмен дайындалу керек, барлығы автоматтандырылған. Бұл жерде біз тракторды айдаймыз, ақырдың жанымен жүріп отырамыз, қалғанының барлығын цифрландырылған манитордан көрініп тұрады. Тоқтат десе, тоқтатамыз, қос десе, қосамыз. Барлығын техника өзі атқарады.

Мұндағы малды емдеп, тексерістен өткізетін орындар да толықтай заманауи құралдармен жабдықталған. Сандық технологияға негізделген аппараттар ірі қараға қатысты барлық мәліметті лезде шығарып береді.

Исмайыл Рахымбердиев, ветеринар:

- Бұл сканер, мына екі ортадан мал өткен кезде чип арқылы сканерлеп алады. Оған салынған екпесі туралы, тірідей салмағын мониторға шығарып тұрады. Сол арқылы біз қай уақытта не салынғанын біліп отырамыз. Екіншіден, оның мерзімі қашан келетінін біліп отырамыз.

Қазір фермер күніне 20 тоннадан аса ет өндіреді. Оның 20 пайызын ішкі нарыққа, қалған 80 пайызын Өзбекстан мен Тәжікстанға экспорттайды. Мал бордақылау алаңы толық іске қосылағанда күніне 100 тонна ет өндіріледі. Ол кезде өнім Түркия мен Ауғанстан нарығына шығарылады деп жоспарланып отыр. Кәсіпкер келесі жылы тәулігіне 1,5 мың бас іріқара мен 5 мың бас ұсақ мал сойылатын ет комбинаты салуды көздеп отыр. Кәсіпорын қалдықсыз өндіріс қағидатына негізделеді. Онда тереңдетіп өңделген өнімнің жүзге жуық түрі шығарылады. Бұл экспорт көлемін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Сырым Ертаев, жоба инвесторы:

- Ол жерде мал кіреді, сойылады. Ешқандай қалдық қалмайды. Бәрі өңделіп кетеді. Өзінің ішінде беске жуық зауыты бар. Қанды өңдейтін, сүйегін, ішек-қарындарын өңдейтін зауыт болады. Оның бәрі көрші елдерге экспорталады. Ішкі нарыққа жартылай дайындалған еттерді алады. «Бір асым» ет дегендей, үйіне барып, қайнатып, бәрін дайындап беретіндей реттейміз.

Жобаның алғашқы кезеңінде 30-дан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Кешен толық қуатына шыққанда 100 жұмыс орнына дейін ұлғайтылады. «Бұл бастама Түркістан облысының аграрлық әлеуетін күшейтіп, Қазақстанның ет өндірісі саласына жаңа серпін береді», - дейді мамандар. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz