RU
Толық нұсқаға өту

Жасанды интеллект шегірткемен күреседі

28.04.2026, 08:00 39

Қазақстан мен БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы өзара ынтымақтастықты нығайтып, бірқатар жобаны жүзеге асырады. 

Соның ішінде мал және балық шаруашылығын дамыту, шегірткемен күрес, ветеринарлық қауіпсіздікті арттыруға бейіл. Елде кейінгі жылдары сары май және сүт өндірісі артып, импорт көлемі азайып келеді.

Шегірткелерді жасанды интеллект бақылайды. Қазақстан мен ФАО өзара ынтымақтастық негізінде осы және өзге де жобаларды жүзеге асырады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, цифрлық технология, жасанды интеллект және дрон қолдану арқылы шегірткеге қарсы күрес шараларын жетілдіру жоспарланған. Сонымен қатар «Қазақстандық сұрыптар мен тұқымдар» ұлттық бастамасы бойынша Ақмола, Алматы, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында деректер жинау жұмысы аяқталды. Бүгінгі таңда тараптар бірлесіп, жалпы құны 9,5 млн АҚШ доллары болатын 10 негізгі жобаны жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, тұқым, балық және сүтті мал шаруашылықтарын дамыту, ветеринарлық қауіпсіздікті арттыру, жер және су ресурстарын орнықты басқаруға мән берілген.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Біз үшін әрбір жоба халықаралық стандарттарға және Қазақстанның АӨК дамыту жөніндегі ұлттық басымдықтарына сай болуы маңызды. Бұл бастамалардың орындалуы ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғыртуға елеулі серпін береді деп сенемін. Біз ФАО-мен стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтып, тәжірибе алмасып, ортақ мақсаттарды жүзеге асыруды жалғастырамыз.

Сары май өндірісі рекордтық межеге жетті

Биыл алғашқы тоқсанда отандық агроөнеркәсіп кешендері 12,7 мың тонна сары май өндірді. Былтыр дәл осы кезеңдегі көрсеткішпен салыстырғанда 55 пайызға артып отыр. Ал Ұлттық статистика бюросының есебіне сүйенсек, бұл - кейінгі 13 жылдағы рекордтық меже. Өңірлер арасында Шымкент, Алматы қалалары және Жамбыл облысы көш бастап тұр. Бұл тауар түрі экспортқа көп шығарыла бермейді. Data Hub-тың дерегі бойынша, қаңтар-ақпан айларында Қазақстаннан бар болғаны 300 тонна өнім сыртқа сатылған. Сары майдың негізгі бөлігі ішкі нарықты қамтамасыз етуге бағытталғанымен, импорттан толық арыла қоймадық. Былтыр алғашқы екі айда шетелден мың тоннаға жуық өнім тасымалданған. Соның жартысынан көбі Беларусь елінен сатып алынған.

Сары май өндірісі

2026 ж. І тоқсан

12,7 мың тонна

Өсім 55%

Экспорт 300 тонна

Импорт 900 тонна

Сүт импорты азайды

Енді сүт өндірісіне тоқталсақ, былтыр отандық зауыттар 665 мың тоннадан астам өнім шығарды. Ал биыл қаңтар айының өзінде 54 мың тонна сүт өңдеген. Бұл былтырғы межеден 6 пайызға көп. Кәсіпорындар тауардың 5 мың тоннасын экспортқа, қалғанын ішкі нарыққа бағыттап отыр. Негізгі шетелдік тұтынушылар – Еуразиялық экономикалық одақ пен Орталық Азия елдері. Ал импорт көлемі 34 мың тонна болып, бір жылда 4 пайызға азайды. Яғни қазақстандықтар отандық өнімге басымдық беріп жатқанын аңғартты. Бүгінгі таңда елде 373 сүт-тауарлы ферма болса. солардың 110-ы Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Одан кейін Қостанай, Ақмола облыстарының әрқайсысы жылына 200 мың тоннадан астам сүт өндіреді.

Шаруалар кооперация құрады

Елде өндірілген еттің 60 пайызы, сүттің 80 пайызы шаруа қожалықтары мен қосалқы шаруашылықтарға тиесілі. Яғни шикізат жеткілікті, тек өндірістік әлеуетті әлі де арттыру қажет. Мұны Мемлекет басшысы атап өтті. Мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарға сәйкес, енді шағын шаруашылықтар бірігіп, кооперация құра алады. Бұл өзара тәжірибе мен өнім көлемін арттыруға тікелей ықпал етеді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz