Астана қаласындағы №91 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Жәңгір Әбуов «Су ізі» атты интерактивті цифрлық платформаны әзірледі. Жоба әрбір қолданушыға күнделікті тұтынатын су көлемін есептеп, оны азайтуға бағытталған жеке ұсыныстар алуға мүмкіндік береді.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жас өнертапқышпен және оның жетекші педагогтерімен кездесті. Кездесу барысында «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ пен оқушының ата-анасы арасында платформаны дамыту және енгізу бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
«Су ізі» платформасындағы есептеулер пайдаланушылардың күнделікті әдеттерін ескере отырып жүргізіледі. Оған тұрмыста және тамақтану кезінде су тұтыну, сондай-ақ су ресурстарын жанама пайдалану кіреді. Жүйе енгізілген деректерді автоматты түрде өңдеп, су тұтынуды азайтуға және күнделікті өмірде су үнемдеу тәжірибесін енгізуге бағытталған жеке ұсыныстар жасайды.
Жоба аясында су үнемдеу мәдениетін насихаттауға бағытталған қосымша бастамалар да қолға алынған. Атап айтқанда, №91 мектеп-гимназиясының тағы бір оқушысы Адият Шадияр «Тамшы» атты анимациялық кейіпкер арқылы су ресурстарын тиімді пайдалану жолдарын түсіндіретін қысқаметражды бейнероликтер сериясын ұсынды. Бұл материалдар балалар мен жасөспірімдерге арналған экологиялық білім беруді күшейтуге бағытталған.
Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы мен оқушының ата-анасы осы ақпараттық өнімдерді кеңінен тарату бойынша да келісім жасасты.
Министр Нұржан Нұржігітов оқушылардың бастамасын жоғары бағалап, мұғалімдер мен ата-аналардың экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтті.
«Бүгінгі басты міндеттердің бірі – халықтың суға деген көзқарасын өзгертіп, оны үнемдеуге баулу. Осы бағытта 2024 жылдан бері “Суды үнемде – болашақты сақта” жобасы жүзеге асырылып келеді. Білім беру ұйымдарында экосағаттар өткізіліп жатыр. Мұндай бастамаларға оқушылардың, педагогтердің және ата-аналардың қатысуы өте маңызды», – деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі Алматы қаласындағы №79 гимназия оқушысы Дана Қадырбекпен де меморандум жасаған болатын. Ол атмосферадан су жинауға арналған наноматериал негізіндегі құрылғыны әзірлеп, Венада өткен БҰҰ форумында үздік жас өнертапқыштардың қатарына енген еді.
Тегтер #су үнемдеу #Су ізі #Жәңгір Әбуов #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz