RU
Толық нұсқаға өту

Авторлар өз құқығын қалай қорғайды?

28.04.2026, 13:10 35

Елімізде авторлық құқық ұйымдарының жұмысын реттеу үшін бірыңғай платформа іске қосылып жатыр.

Аталмыш платформаға қазір телерадио ұйымдары тіркелуде. Ал шілдеден бастап театрлар мен кинотеатрлар қосылады. Жүйе 2027 жылдан бастап толық іске асады. 

Елімізде авторлық құқық саласында сан қилы түйткіл жетерлік. Өнер иелері өз туындыларының толық қорғалмағанына қапалы. Авторлық қоғамдастық көп болғанымен олардың жұмысы көңіл көншітпейді, - дейді ақын Айдана Сегізбаева. 

Айдана Cегізбаева, ақын:                                                       

- Менің қаламақым қоғамдастықпен келісімшартқа отырдым, бір ақ рет түсті. Одан кейін түскен жоқ. Мүлдем түспеген менің замандастарым, достарым бар. Олардың әндері өте танымал, өте хит. Бірақ, олар мен алған сумманы да алмаған. + Авторлық қоғамдастықтарға үлкен тексеріс керек деп ойлаймын. Олар өздерінің авторларымен, келісімшарт жасасқан авторларымен дұрыс жұмыс жасаса, олардың құқығы да қорғалады. Қаламақысы да уақытында түсіп отырады.

Әділет министрлігінің ресми статистикасына сәйкес соңғы бес жылда елде 51 мыңнан астам туынды тіркелген. Заңмен қорғалған шығармалардың көрсеткіші жыл сайын өскенімен, сапа мен бақылау әлі де әлсіз болып отыр.

Айгерім Құсайынқызы, заңгер:                                 

- қазақстан республикасында авторлардың құқығын қорғау бойынша агенттік бар. Олар лицензия алу керек. Қазақстан Республикасының мәдениет, ақпарат министрлігі бойынша. Лицензияланған агенттіктер ғана сияқысын, қаламақысын өндіріп алу бойынша іспен айналысады. Бұл институттың салыстырмалы түрде жаңа болғанына қарамастан жақсы қадамдармен дамып келе жатқандығы қуантады. Себебі авторлық деген мәселе ол әділет тұрғысынан қарау керек.

Зияткерлік меншік құқықтарын реттейтін заң жобасы толықтырылып, нәтижесінде бұл саладағы құқықтық реттеу бір жүйеге түскен.  Осы күнге дейін 20-ға жуық авторлық қауымдастық жұмыс істегенімен, олардың қызметінде бірізділік болмаған. Атап айтқанда, бір шығарма бірнеше авторлық қоғамда тіркелген.

Ботагөз Сатжанова, ҚР Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің бас сарапшысы:                                      

- 2025 жылы бірқатар өзгерістер енгізілді. Соның ішінде осы авторлық және сабақтастық құқықтардың обьектілерін пайдалануға мемлекеттік бақылау енгізілді. Яғни ол қазір 26 жылы өз күшіне енді. Егер авторлық құқықтар бұзылған жағдайда авторлар немесе құқық иеленушілер осы Әділет органдарға өтініш жаза алады. Қажетті дәлелдер мен көрсете отырып өтініш негізінде әділет органдары тексеру парағымен жүргізеді. Яғни басты мақсат авторлық құқық бұзылмауы үшін ең алдымен автордың келісімі, құқық иеленушінің келісімі қажет. Сонымен қатар авторлық шарт керек.                                                                                   

Қабылданған заңға сәйкес, авторлық қоғамдарда жиналған қаражаттың 20%-дан аспайтын бөлігі ғана қауымдастықта қалып, кемінде 80%-ы авторларға төленуі тиіс деген нақты норма бекітілген. Бұл талаптардың орындалуы цифрлық платформа арқылы бақыланады. Енгізілген өзгерістер мәселені шешіп, аталған бағытты реттеуге мүмкіндік береді.

Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Зияткерлік меншік заң жобасында цифрлық бірыңғай жүйесін еңгіздік. Яки қазір цифрлық жүйе бар. Бұрыңғыдай қағазбен тасып жүрген адам болмайды. Бұл қалай? Барлық авторлар авторлық қауымдастықпен, қоғамдастықпен цифрлық платформада келісім шарт жасасады. Яки, қандай да бір автор бір авторлы қауымдастықпен келісім шарт жасасқаннан кейін басқа бір қауымдастық әлгі автордың сол еңбегін өзіне тіркегісі келсе, тіркей алмайды. Автоматты түрде шығып тұрады. Кешіріңіз, ол азаматтың мына авторлық қауымда, қауымдастықта өзінің құқығы тіркелген деген.

Осылайша, жаңа заң мен цифрлық жүйе авторлық құқық саласындағы көп жылдық бейберекетті реттеуге бағытталған. Егер жаңа платформа толық жұмыс істесе, авторлар өз құқықтарын тиімді қорғап, еңбегінің нақты өтеуін ала алады.

Авторлары: Дамира Атахан, Мерей Талап

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz