Отандық әуе тасымалдаушыларына қатысты өткен жылы 7 әкімшілік іс тіркелген.
Себеп - рейстердің кешігуі, жолаушыларды дер кезінде хабардар етпеу, багаж мәселесі және өтемақы төлеуден бас тарту. Салдарынан төрт отандық тасымалдаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қомақты көлемде айыппұл арқалады. Бұл заңбұзушылықтардың барлығы жоспардан тыс тексеріс барысында анықталған. Алайда жолаушылардан түсетін шағым легі әлі де толастамай отыр.
5 қаңтар күні Мәрлен Қалиев ұлымен бірге Флай Арыстан ұшағымен Алматыдан ұшуы тиіс еді. Алайда әуежайға ерте келіп, тиісті рейсіне тіркеуден өткенімен, ұшаққа міне алмады, борт сыртында қалып қойды.
Мәрлен Қалиев, Астана қаласының тұрғыны:
- «Алдымнан соңғы бір адам өтеді. Кейін менеджер келген кезде өзімнің отырғызу талонымды көрсеткенде, ол қарады да: «А, сізді рейстен шешіп тастады ғой», – дейді. Мен «Қалай? Түсінбедім сізді» дедім. Бұл пранк па, маған пранк керегі жоқ дедім. Ол кісі: «Қазір тұра тұрыңыз, аэропорттың өкілін шақырайын» деді. Жақсы, күттім. Телефоннан хабарласып, «Ана екі адам келді» деді. Кейін аэропортта телетабтың ішінде күтіп тұрған кезде отырғызу барысында «Сіз кешіктіңіз» деді.
Бұл жайт бойынша Авиациялық қауіпсіздік басқармасы тексеріс жүргізіп, бейнебақылау жазбаларын зерттеді. Нәтижесінде жолаушының расында да отырғызу аймағында болғаны анықталған. Десе де азаматтардың көптігінен ол күту аймағына уақытша шығып кеткен. Қайта оралғанда, отырғызу аяқталып, құжаттар экипажға тапсырылып қойғаны белгілі болды. Айырмашылық небәрі бірнеше минутты құрағанымен, рәсім сол сәтте жабылған. Сондықтан қызметкерлер тарапынан заңбұзушылық анықталмады дейді құзырлы мекеме.
Дамира Мұхамеджанова, Авиациялық қауіпсіздік департаментінің бас сарапшысы:
- Егер 540-қағиданы, яғни әуе көлігінде жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау ережесін алсақ, онда отырғызудың нақты жабылу уақыты көрсетілмеген. Яғни «15 минут қалғанда борт жабылады» деген норма бізде жазылмаған. Бірақ халықаралық тәжірибеде солай қалыптасқан. Әуе компаниялары, әдетте, тасымалдау шарттарында жолаушыларға ұшуға 30 минут қалғанда гейтке келу қажеттігін ескертеді.
Жолаушылардың борттан тыс қалу тәжірибесі соңғы жылдары лоукестерлік компания қызметінде жиі ұшырасуда. Сол себепті біз FlyArystan әуе компаниясына ресми сауал жолдап, аталмыш оқиғаға қатысты пікір білдіруін сұрадық. Компания мұндай жағдайлардың жиі кездеспейтінін және овербукинг жолаушыларға қызмет көрсетудің басты көрсеткіші еместігін мәлімдеді. Дей тұрғанмен, компания сұхбат беруден бас тартты. Бірақ жолаушылардан кеп түсетін шағым саны толассыз. Азаматтық авиация комитетінің дерегінше, өткен жылдың өзінде ғана 7 әкімшілік іс қозғалып, төрт әуе компаниясы жауапкершілікке тартылған. Түйіні тарқамаған түйіткілді мәселені Мәжіліс депутаттары да сан мәрте көтерген.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Кезінде заңдардан барлық шектеулерді авиациядан алып тастаған. Сол арқылы овербукинг дегенді көп пайдаланды. Овербукинг дегенді білесіздер ғой, авиакомпания алады да, артығымен билет сатады. Егер 200 билетті артық сатып, бірақ сол 2-3 адам сыймай қалса, оларға ешқандай қайтарылмайды ақшасы. Соны біз министрмен келістік. 1000 долларға дейін айыппұл салайық дейді компенсация компанияға емес, адамға. Бізде ваучер дегенді шығарып алған. Ол заңсыз. Ваучер болмайды.
Тәжірибе көрсеткендей, кейде бірнеше минуттық кешігудің өзі бүтін бір сапардан қағуы мүмкін. Сонда әуе компаниясының ережесі қай жерде аяқталады, ал жолаушының құқығы қай жерден басталады? деген сұрақ мен мұндалайды.
Авторлары: Назым Кенжебай, Дінмұхаммед Аманғазыұлы, Мерей Талап
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #әуежай #авиа билеттерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz