Елордада жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілердің көліктерін эвакуациялау енді ақылы негізде жүзеге асырылады. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты жазды, деп хабарлайды «24KZ».
Қалалық Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының мәліметінше, бүгіннен бастап арнайы эвакуаторлар жұмысқа кіріскен. Ереже бұзған көліктерді коммуналдық айып тұрағына жеткізуде.
Аталған шара көлік жүйесін кешенді дамыту аясында енгізілген.
Орталығының директоры Марат Сәдуовтың айтуынша, жол жиегіне дұрыс қойылмаған автокөліктер жолдағы қозғалысқа айтарлықтай кедергі келтіреді, қауіпсіздікке әсер етеді. Көшеде кептелістерге және қозғалыстың шектелуіне әкеледі.
«Қазіргі таңда елордада тіркелген және сырттан келетін көліктердің жалпы саны 600 мыңнан асады. Автоматтандырылған жүйелер күн сайын екі мыңнан астам құқықбұзушылықты тіркейді»-деді, Марат Сәдуов.
Мамандардың айтуынша, ең алдымен жаяу жүргіншілер өткелдерінде, тротуарларда және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындарда заңсыз қойылған көліктер эвакуацияланады.
Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы бөлімінің басшысы Қанат Мамбетов, эвакуация көбіне адам көп жиналатын орындарда, тыйым салу белгілері орнатылған аумақтарда жүргізілетінін атап өтті. Сондай-ақ жол қозғалысына кедергі келтіретін, жол тарылатын учаскелер де бақылауда болады.
«Эвакуация процесі толық цифрландырылған. Арнайы автоматтандырылған жүйелер құқықбұзушылықты тіркеп, деректерді полицияға жолдайды. Кейін көлік иесіне eGov Mobile қосымшасы арқылы хабарлама келеді. Одан соң шешім қабылданып, полиция қызметкерлері цифрлық сервистер арқылы эвакуация туралы нұсқама рәсімдейді»,- деді орталықтың бөлім басшысы Қанат Мәмбетов.
Егер жүргізуші құқықбұзушылықты оқиға орнында жойса, оған тек әкімшілік шара қолданылады және көлігі эвакуацияланбайды.
Ал көлігін таппаған немесе SMS-хабарлама алмаған азаматтар 102 немесе 112 нөміріне хабарласа алады. Оларға эвакуация себебі мен әрі қарайғы әрекеттер түсіндіріледі. Көлікті қайтару үшін алдымен полиция департаментінің әкімшілік практика бөліміне жүгініп, рұқсат алу қажет, содан кейін арнайы айып тұрағынан алып кете алады.
Эвакуация қызметінің құны 3 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды. Бұдан бөлек, айып тұрағында сақтау ақысы қосымша төленеді.
Астана қаласының Полиция департаменті, қала тұрғындары мен қонақтарын жол қозғалысы ережелерін сақтауға, өзге қатысушыларға құрметпен қарап, қауіпсіз қозғалысқа кедергі келтірмеуге шақырады.
Тегтер #көлік #эвакуация #жол ережесі #24KZ #24жаңалықтарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz