Өскеменде екі шағын ауданның ортасында орналасқан саяжай үйлерін қалаға қосу қиындық туғызып отыр.
Территориялық өзгеріс жасауға қолданыстағы заң талаптары кедергі, дейді жауаптылар. Біраз жылға созылған мәселе шешімін табар емес. Салдарынан саяжай аумағындағы инфрақұрылым сапасы нашарлап кетті. Жарық жиі өшеді, жол жағдайы сын көтермейді.
«Заря» саяжайы Меновное және Ахмер кентінің ортасында тұр. Былай қарағанда қала іші дерсіз, алайда, инфрақұрылым жағы сын көтермейді. Саяжай кооперативі ретінде тіркелгендіктен жолдарға асфальт төселмеген. Қоғамдық көлік ішіне кірмейді, айналып өтеді. Орталықтандырылған ауыз су да жоқ. Басты проблема электр энергиясы тапшы.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Осы жердегі үйдің бәріне электр қуаты мына трансформатордан тарап тұр. Алайда жыл өткен сайын құрылғының қуаты бүкіл үйді элеткр энергиясымен қамтамасыз етуге жетпей тұр. Өйткені қалаға жақын болған соң тұрғындар саны артып келеді әрі көпшілігі жазда ғана емес, қыс бойы тұрады.
Гүлжанбек Түңлікбаева 10 жылдан бері осы жерде тұрады. Айтуынша, жарық аяқасты өшіп қалады. Тұрмыстық техниканы кезекпен қосады, барлығына электр қуаты жетпейді. Біраз адамның техникасы жанып та кеткен.
Гүлжанбек Түңлікбаева, саяжай тұрғыны:
- Ең бастысы, свет жиі өшеді, ешқай үй ешнәрсе қоса алмаймыз,напряжение азайып кетеді стиралка жүрмей қалады, духовка істемей қалады. Жел соқса да өшеді, жаңбыр жауса да өшеді.
Саяжайдағы 135 үйдің 97-де тұрғындар қысы-жазы тұрады. Арасында көпбалалы отбасылар бар. Ойын алаңы атымен жоқ. Тіпті көшеге шығып серуендеу де мүмкін емес, дейді мұндағы жұрт. Өз күшімен жолға тас төсеп амалдағанмен көктем шыға су шайып кетеді. Жылыжай салып, инкубаторда құс өсіріп, шаруашылықпен айналысқысы келетіндер үшін де инфрақұрылымның жоқтығы қолбайлау.
Владимир Киберле, "Заря" саяжай кооперативінің төрағасы:
- Электр желісі шіріп тұр. Бір біріне жалғанып әрең тұр. Өз күшімізбен жалғауға шамамыз жетпейді. Әрбір бағанға шығып түсудің өзі оңай емес, оны кәсіби мамандар ғана істеу керек. Жалпы саяжай жыл өткен сайын тозып барады. Қала ішінде тұрған соң жылдамырақ қала аумағына қосылсақ барлығы оңалар еді.
Қала құрамына кіре алмай отырған жұрттың жағдайын жергілікті билік түсінгенімен, заңнан аттай алмаймыз дейді. Кооперативті қалаға қосу үшін, ішкі жолдары кең болуы тиіс екен. Одан да басқа талаптары бар.
Алмат Ақышов, қала әкімі:
- Тар, көшелері өте тар бізге кеңейту үшін я болмаса мына жағынан,не болмаса мына жақ шеттен саяжайды бұзу керек, оған енді ешкім бармайды сондықтан бір мәселг заңдағы келіспеушіліктерден ғана осындай жағдайларға тап болып тұрмыз,дегенмен. Ол адамдарды ұмытпаймыз қолымыздан келгенше жағдай жасауға тырысамыз.
Түсінгеніміз, саяжайлықтар қала тұрғыны болуы үшін, әлі біраз күтуге тура келеді. Жауаптылар шарасыз. Дегенмен, саяжай кооперативтерінің ішкі мәселелерін кезең-кезеңмен шешу жағын қарастырымыз дейді.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов
Тегтер #Өскемен #саяжай #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz