RU
Толық нұсқаға өту

Қазақ тілін меңгеру – перзенттік парыз

28.04.2026, 21:19 37

Мемлекеттік тілді тез үйренуге орта керек.

Ақтөбелік ұстаз Артем Райзих қазір қазақ тілін үйренуге мүмкіндік мол дейді. Сондықтан қазақша тіл сындыру елдегі әр азаматтың перзенттік парызы деп санайды.

Артем Райзих Кеңқияқ ауылында туып өскен. Қаймағы бұзылмаған қазақы ортада тіл сындыру қиынға соқпаған. Бала күнінен көрші-көлем, достарымен ауызекі тілді игеріп, кейін қазақ әдебиетінің жауһарларымен танысқан. Тарихшы мамандығына оқуға түсуге де қазақ тілін жетік білуі сеп болған.

Артем Райзих, тарих пәнінің мұғалімі:

- Менің ойымша, әрбір Қазақстан азаматы мемлекеттік тілді білуі керек деп ойлаймын. Өз ойын жеткізе алатын адам болуы керек. Бәріміз ортақ тілде сөйлесетін болсақ еліміз одан әрі дами түседі деп ойлаймын.

Артем Мәртөк ауданындағы мектепте мұғалім. Он жыл бұрын бұл орыс мектебі болған. Қазір 600-ге тарта оқушының жартысына жуығы қазақша білім алады. Сондықтан аралас мектепке қос тілді жетік меңгерген білікті маман қажет.

Баян Құлниязова, Мәртөк ауылы №1 орта мектебі директорының орынбасары:

- Артем Ивановичтің қазақ тілін еркін меңгеруі, еркін сөйлей алуы сабақты тек ғылыми тұрғыдан жеткізуге ғана емес, өмірмен байланыстыруда және әртүрлі әдістерді қолданып өткізуде шеберлігі өте жақсы.

Артем Райзих мемлекеттік тілді еркін меңгеру үшін орта қажет дейді. Қазақша тіл сындыруға ниет еткендерге қазақы қоғаммен етене араласуға кеңес береді.

Артем Райзих, тарих пәнінің мұғалімі:

- Қазақ тілін үйрену қиын емес. Менің ойымша, кез келген адам сөйлеуге мүмкіндігі бар. Оған тек шынайы ниет керек. Одан бөлек ауданымызда қазақ тілді үйренуге ақысыз курс бар. Соған кез келген адам қатыса алады. 

Өзі қоғамдық шаралардан шет қалған емес. Мәртөк аудандық мәслихатының депутаты ретінде өңірдің әлеуетін арттыруға үлес қосып жүр. Бұл орайда қазақ тілін еркін меңгеруі халықпен етене араласып, тұрғындардың көкейтесті мәселелерін шешуге септігін тигізеді дейді.

Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz