Қазақстан мен Қытай арасында әуе рейстерінің саны көбейді.
Қазір екі елдің ірі қалаларына 17 бағыт бойынша ұшақпен қатынауға болады. Бұл барыс-келісті жеңілдетіп, жолаушылар қатынасын арттырды. Теміржол арқылы жүк тасымалы да қарқынды дамып келеді.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қазақстан мен Қытай арасына қатынайтын әуе рейстерінің саны 90-ға жетті. Осыншама ұшақ апта сайын үздіксіз жолаушы тасымалдайды. Бүгінде еліміздің үш мегаполисінен Қытайдың Бейжің, Шанхай.
Гуанчжоу, Сиань, Үрімжі, Чэнду сияқты ірі шаһарларына жолаушылар тасымалы бар. Қатынастың кеңеюі мәдени-гуманитарлық, экономикалық және іскерлік байланысты дамытуға жол ашып отыр. Сондай-ақ халықаралық әуе тасымалы нарығындағы бәсекелестікті арттырып қызмет көрсету сапасы мен билет бағасының төмендеуіне ықпал етеді. Барыс-келіс жеңілдеп туризмге тың серпін береді. Мәселен, былтыр әуе рейстерін көбейту арқылы Қазақстанға саяхаттаған қытайлық туристер саны 1 миллионға жетті. Ал елімізден Қытайға 730 мың адам сапарлаған.
Шахрат Нұрышев, ҚР Қытайдағы Төтенше және өкілетті Елшісі:
- Ұшу географиясы жылдан жылға кеңейіп келеді. Бір ғана Үрімжі мен Алматы арасында аптасына 21 рейс ұшады. Бұл сұраныстың жоғары екендігін білдіреді. Жуырда Алматы-Шанхай бағыты ашылды. Енді екінші маусымнан бастап Астана-Гуанчжоу рейсін іске қосу жоспарда. Әуе қатынастарының дамуы екі ел арасындағы іскерлік, туристік және гуманитарлық байланыстарды тереңдетудің маңызды факторы болып отыр.
Екі ел арасында теміржол инфрақұрылымы жақсарғалы жүк тасымалдау да өнімді бола бастады. Былтыр 35,6 миллион тонна жүк тасымалданған. Сондай-ақ екі ел арасындағы кедендік, шекаралық ынтымақтастық байланыс пен құжат рәсімдеу тиімділігінің артуы да көрсеткіштің өсуіне ықпал етті. Енді үшінші теміржол дәлізінің құрылысы жүріп жатыр.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Аягөз- Шәуешек теміржолы іске қосылған соң тасымалданатын жүктің көлемі тағы 25 миллион тоннаға дейін артады.
Руслан Бақытбекұлы
Тегтер #Қазақстан #Қытай #әуе рейсі #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz