RU
Толық нұсқаға өту

Қазақ-қытай тауар айналымы еселенді

29.04.2026, 07:21 32

Қазақстан мен Қытай арасында сауда-саттық артып келеді. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш екі есе өскен. Бұған әсер еткен негізгі факторлардың бірі – цифрландыру. Сонымен қатар көлік-логистикалық байланыс та серпін берген. 

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Биыл қазақ-қытай сауда-саттығында жаңа рекорд тіркелуі мүмкін. Бұлай деуге негіз бар. Екі ел арасындағы тауар айналымы алғашқы тоқсанда-ақ 13,2 миллиард АҚШ долларына жетті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 46,6 пайызға көп.

Яғни өсім екі есеге жуықтаған. Бұл статистиканы Қазақстанның Қытайдағы төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нұрышев қытайлық журналистерге берген сұхбаты кезінде айтты. Оның айтуынша, бұған бірнеше фактор әсер еткен. Мемлекет басшылары деңгейіндегі келісімдерден бастап көлік-логистика, сауда-экономикалық ынтымақтастық сияқты екі жақты кешенді іс-шаралар ықпал етіп отыр. Оның үстіне қытайлық компаниялардың Қазақстанның бизнес климатына деген сенімі артқан.

Шахрат Нұрышев, ҚР Қытайдағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Биыл Қазақстан Қытай үкіметінің «Қытайға экспорт» бастамасы аясында таңдап алынған 6 мемлекеттің бірі болып отыр. Бұл бірлескен форумдар мен көрмелер өткізіп ғана қоймай іс жүзінде Қазақстан кәсіпорындарының Қытай нарығына шығуына, жергілікті тұтынушыларға Қазақстанның сапалы өнімдерін ұсынуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұзақ мерзімді сату жолдарын қалыптастырып еліміздегі брендтердің танылуына жол ашады.

Қазақ-қытай сауда-экономикалық ынтымақтастығының әлеуеті әлдеқайда жоғары. Мұны уақыт көрсетіп отыр. Қазір өнеркәсіп кооперацияларын дамыту, көлік-логистикалық байланысты кеңейту сияқты бағыттарға басымдық берілуде. Сонымен қатар бұл бағытта «Бір белдеу, бір жол» тұжырымдамасы ерекше рөл атқарып тұр.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Айта кету керек, Өткен жылы қос елдің өзара тауар айналымы 11 пайызға өсіп, 48,7 миллиард АҚШ долларына жеткен еді. Саудада дәл қазіргідей қарқын сақталса жыл соңына қарай тағы бір тарихи көрсеткіш тіркелуі мүмкін. 

Авторы: Руслан Бақытбекұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz