RU
Толық нұсқаға өту

Түркістан облысында мақта кластері қарқын алды

29.04.2026, 21:00 30

Түркістан облысында мақта өсіру және мақта-тоқыма кластерін құруға арналған инвестициялық жоба кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр.

Елде баламасы жоқ стратегиялық маңызды нысан - мақтаны тамшылатып суарудан бастап, шикізатты терең өңдеу, иірімжіп шығару және мата мен дайын тоқыма өнімдерін өндіруге дейінгі толық өндірістік тізбекті қамтиды.

Түркістан облысында тамшылатып суару әдісімен егілген мақта алқабының көлемі екі есеге артты. Былтыр алғаш рет осы біз тұрған Отырар алқабында 32 мың гектар жерге бір мезгілде тамшылатып суару жүйесіменен мақта егілген болатын. Биыл оның көлемі 52 мың гектарға жеткізілмек. Бүгінге дейін жаңа технологияның көмегімен 20 мың гектар жерге мақта тұқымы сіңірілді.

Ағын судың 70 пайызын көрші елден алатын Түркістан облысы үшін су үнемдеу технологиясына көшудің маңыздылығы жоғары. Тамшылатып суару әдісі суды үнемдеп қана қоймай өнімділікті 3 есеге дейін артырады. Осының нәтижесінде былтыр өңірде алғаш рет 60 центнерден өнім жиналды. «Мақтаны терең өңдеу мен дайын өнімді экспорттауға арналған көпсалалы кешен» Отырар ауданында орналасқан. Жоба құны 146 млрд теңге. Бүгінгі күнге дейін жобаға 86 млрд теңге қаржы салынған. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Қазір мұнда мақта өсіруден бөлек, ақ алтынды терең өңдейтін зауыт жұмыс істейді.

Қастер Мұратхан, зауыт жұмысшысы:

- Бұл зауытта мақтаны өндіріп, бірінші қоқысын бөлек алады. Одан кейін ішінде ұрық болады, соны бөлек мақтаны тазалап шығарады. Сосын престеп мынадай етіп жинап, кейін Қытайға экспортқа жібереміз. Былтыр 34 мың тонна мақта өндірдік. Биыл 80 мың тоннаның үстінде мақта өндіреміз деп жоспарлап отырмыз.

Сондай-ақ көпсалалы кешен аумағында жылына 50 мың гектар егіс алқабын заманауи тамшылатып суару әдісімен қамтамасыз ететін өндіріс орны ашылған. Сондай-ақ 30 мың гектар алқапты суару, реттеу және бақылау жұмыстары автоматтандырылған. Зауыттарда 200 адам жұмыс істейді. Ал Түркістанда тоқыма өнеркәсібінің жаңа дәуірі басталды. Былтыр мұнда толық циклді тоқыма бұйымдарын өндіретін мақта агроөнеркәсіптік кешені іске қосылды. келесі айдан бастап жіп иіру, мата тоқу, тігін және дайын тоқыма өнімдерін шығаратын бірнеше цех жұмысын бастайды.

Біз қазір жіп иіру цехындамыз. Мұнда мақта талшығынан 10-нан астам жіп түрі шығарылады. Ал зауыт толық іске қосылған кезде жыл сайын 11 мың тонна жіп, 47 млн шаршы метр мата, 2 млн төсек-орын жабдықтары және 4 млн көрпе өндіру жоспарланып отыр. «Бұл көрсеткіштер отандық жеңіл өнеркәсіптің импортқа тәуелділігін азайтып, ішкі нарықты сапалы қазақстандық өніммен қамтамасыз етуге жол ашады», -дейді мамандар.

Цех заманауи озық технологиямен жабдықталған. Өндірістік үдерістердің барлығы автоматтандырылған жүйеге негізделген. Нұрсұлу Қинаятқызы 1 жылдан бері тоқыма зауытындағы зертханада өндірілген жіптің сапасын тексереді.

Нұрсұлу Қинаят, зертхана қызметкері:

- Ең бірінші жүз метр жіптің салмағын тексереміз. Егерде ол дұрыс болса, болды. Қате болса, станокті тоқтату керек. Одан кейін жіптің ширатымдылығын өлшейміз. Дұрыс емес болса, дәрежесі де басқаша болады. Оның біркелкілігін өлшейміз, біркелкі ме, әлде талапқа сай емес пе дегендей. Оны болған соң жіптің күштілігі өлшенеді.

Қазір зауытта 270 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын өнімнің басым бөлігін экспортқа бағыттамақ. «Орта Азияда баламасы жоқ жоба өңір экономикасына жаңа серпін береді»,-дейді мамандар.

Сюй Цзе Суй Дже, Жоба инвесторы, «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС басшысы:

- Биыл мақта алқаптарында өндірілген ақ алтынның 80 пайызы экспортқа шығарылады. Оның ішінде Түркия, Қытай, Өзбекстан және Еуропа елдеріне жөнелтіледі. Қалғаны осы зауытта терең өңделеді. Мамыр айынан бастап мата, төсек орын жабдықтарын шығарамыз. Осы мақта өсіру және мақта-тоқыма кластерін құру жобасының бірінші кезеңі бойынша 1270 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Биыл жыл соңына дейін тағы 2 мың жаңа жұмыс орны құрылады.

Инвестициялық жоба аясында Отырар ауданы мен Түркістан қаласы аумағында 14 зауыт ашу көзделген. Бүгінгі күні оның төртеуі жұмыс істейді. Биыл 7-і іске қосылады. Бұл жобалар толық іске асқанда 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Мақсат - шикізатқа тәуелділіктен арылып, дайын өнім шығаруға басымдық беру,-дейді мамандар.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Абуов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz