Алматы облысында экономикаға қажетті дрондарды басқаратын операторлар оқытылады. Осы мақсатта өңірге қарасты колледждердің бірінде зертхана ашылды.
Бұл бастама болашақта шаруаның жұмысын жеңілдетіп, табысын арттырады, - дейді мамандар.
Жыл санап дронға сұраныс артып келеді. Дрон-диқанның да, бағбанның да қажетін өтеп тұр. Су шаруашылығына да керек. «Пилотсыз ұшатын ұшу аппараттарының операторы» оқу зертханасы Алматы экономикалық колледжінде ашылды. Бұл өңірдегі бірінші зертхана. Студенттер алдымен оператор-басқарушы білімін алады. Кейін дрондарды жөндейтін техник мамандығын меңгеріп шығады.
Дамир Жолдасов, студент:
- Менің мамандығым дрондармен өте тығыз байланысты. Себебі менің мамандығым бағдарламалау. Яғни дрондарда да бағдарлама болады. Яғни ол автоматты дрондар болады, тек пультпен ғана басқарылмайды. Яғни автоматты, тек берілген тапсырманы орындайтын дрондар болады. Сол олардың операциялық системасын біз құраймыз.
Зертханада дронның бірнеше түрін байқауға болады. Бірі алысқа ұшады. Енді бірі қараңғыда қолданылады. Бұл қасиеттерді бағдарламалау арқылы студенттер енгізеді. Теория мен тәжірибе қатар жүреді.
Қасымбек Жақсыбай, Алматы экономикалық колледжінің директоры:
- Бұл дрондарды басқару өте өзекті мамандық, адамның барлық шаруашылығында, өмірдің барлық саласында қолданылады. Оны білесіздер. Ол тіпті төтенше жағдайларда, құтқару қызметінде, ауыл шаруашылығында немесе тасымалдау сияқты қиын жерлерде пайдаланылып жатыр.
Алматы облысында жаңа мамандықтарды ашу үшін былтыр бюджеттен 500 миллион теңге бөлінген. Колледждер қаражатты толық игеріпті. Білікті маман даярлауға қажетті құрал-жабдықтар сатып алынған. Ал биыл оқу жылында 4 жаңа мамандықты қосу жоспарланып отыр.
Айгүл Маралбаева, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:
- IT мамандықтары, содан кейін жиһаз жасау, гидротехникалық су шаруашылығы мамандарын даярлау, лифт шаруашылығының мамандары жетіспейді.
Ал жаңа зертханада студенттердің шеберлігін шыңдау үшін арнайы тренажерлер мен ұшу алаңы құрылды. Әзірге факультатив сабақ ретінде жүреді. Қазіргі таңда оқу орны тиісті лицензияны күтіп отыр. Күзде мамандарды оқыту толыққанды басталады.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Кенже Амраев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Алматы #ДрондарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz