Ақтөбеде «Жұбанов көктемі» кәсіби музыка фестивалі мәресіне жетті. Мәдени апталық биыл әйгілі композитор, дирижер, академик Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына арналған.
Өнер сайысында өңірлерден келген хор ұжымдары сынға түсті. Ал бүгін фестивальдің гала концерті өтті.
«Жұбанов көктемі» фестивалінің биыл ауқымы кең. Апталық барысында оркестрлер мен хор ұжымдарының концерті өтті. Көрме ұйымдастырылды. Көпшілік назарына бұрын жарияланбаған фотосуреттер, композитордың тұтынған жеке бұйымдары мен қолжазбалары ұсынылды. Құнды жәдігерлердің арасында Ахмет Жұбановтың дирижерлық фрагы мен 1934 жылғы жасалған жеке домбырасы да бар. Халықаралық хор музыкасы фестивалінде музыка майталмандары бірнеше санат бойынша үздіктерді анықтады.
Шолпан Жұбанова, «А. Жұбанов» қорының директоры:
- Ахмет Жұбанов - Ұлы адам болды деп айта аламын. Өте талантты болды. Артынан қалған мол мұрасы бар. Оның барлығына шабытты өзінің өскен жерінен, табиғаттан, бастысы қасындағы адамдарды алды деп ойлаймын. Және туған жерінде мұндай фестивальдің өтуі үлкен мереке.
Фестивальге Алматы мен Астана қалаларынан филармония ұжымдары қатысты. Ал Ахмет Жұбанов іргетасын қалаған дарынды балаларға арналған мектеп-интернат тәрбиеленушілері жергілікті жас таланттарға шеберлік сағатын өткізді.
Асхат Шахаров, облыс әкімі:
- Жастар үлкен тәжірибе алып, болашақ өнерді әрі қарай жетелеп, қазақ сахнасын биікке шығаратыны сөзсіз. Қазір өзіміз куә болдық. Жамбылдан, Алматыдан келген жастарымыз өте жақсы нәтижелі жұмыс жасап келеді. Болашағы өте мол деп ойлаймын.
Биыл қазақ кәсіби музыкасының, сондай-ақ дирижерлік мектебінің негізін қалаған ағартушы ғалым Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толды. Музыкатанушының құрметіне өңірде 50-ден астам түрлі іс-шара өтеді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов
Тегтер #Хабар 24 #жаңалықтар #ахмет жұбанов #Ақтөбе #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz