RU
Толық нұсқаға өту

Көкшетауда UEFA стандартымен стадион салынады

29.04.2026, 22:10 34

Көкшетауда көптен күткен UEFA талабына сай жабық футбол стадионының құрылысы басталды.

Бүгін спорт нысанының алғашқы кірпіші қаланып, капсуласы салынды. Заманауи кешен 10 мың көрерменге арналған. Айта кету керек, жаңа стадион тікелей Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында бой көтереді.

Заманауи спорт кешені облыс орталығындағы жаңа «Сарыарқа» шағын ауданында салынып жатыр. Жалпы аумағы 13 гектар алып жатқан нысан келер жылдың соңында іске қосылады. Бір ерекшелігі, мұнда тек спорттық қана емес, мәдени шаралар да ұйымдастырылмақ.

Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:

- Жалпы бұл тек қана футбол алаңы емес, бұл жабық ғимарат болған соң ол жерде қысы жазы әртүрлі іс-шараларды өткізуге толық мүмкіндік береді. Бұл стадион Көкшетау қаласын Президент қойып отырған талаптарға сай, спорт орталығы, мәдениет орталығы, қоғамдық орталық болсын деп үлкен қала болады деп сондай жоспарға арналған жоба.

Соңғы жылдары өңір спортшылары көптеген байрақты бәсекеде топ жарды. Әсіресе, былғары қолғап шеберлерінің жетістігі көңіл қуантады. Жақында ғана бокстан Азия чемпионатында жерлесіміз Оразбек Асылқұлов алтыннан алқа тақты. Боксшының осы еңбегі еленіп, екі бөлмелі пәтер кілті табысталды.

Оразбек Асылқұлов, Бокстан Әлем және Азия чемпионы:

- Азия чемпионаты биыл өте жоғары деңгейде өтті. Азия чемпионатында төрт жекпе-жек өткізіп, жеңіске жетіп, Азия чемпионы болдым. Биыл ең маңызды ол Азия ойындары. Соған тыңғылықты дайындаламыз.

Қазір өңірде 1175 спорт кешені жұмыс істейді. Соның 652-і ауылдық жерде орналасқан. Жалпы былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биыл аймақтағы спорт нысандарының саны 5 пайызға дейін көбейді.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz