RU
Толық нұсқаға өту

Саяхатшы ару елді велосипедпен аралап жүр

30.04.2026, 07:01 22

Қаршадай қыз Маңғыстаудан Атырауға велосипедпен жетті.

Бүрлен Әділет бұған дейін Қытайдың Үрімжі қаласынан Астанаға дейін де 26 күн жол жүріп, жұртты сүйсінткен еді. Қытайдан былтыр көшіп келген велосаяхатшы енді қазақтың әр өңірін аралап, тұрмыс-салтымен етене таныспақ. Сөйтіп, Астана күніне дейін елордаға жетуді жоспарлап отыр.

Бүрлен Әділет 20 сәуір күні Маңғыстау облысындағы Адай ата кесенесінен сапарын бастаған. 6 күн жүріп, Атырау қаласына жетті. Атамекенге келгеннен кейін әр өңірді аралауды, оның тау-тасына тағзым етіп, кең даласын шарлауды мақсат еттім, дейді ол.

Бүрлен Әділет, саяхатшы:

- Шетелдегі, әлемдегі әр түкпір-түкпірінде жүрген қазақтарға өзіміздің атажұртымызды көрсетіп өтсем деген, өйткені өзімде шетелде туып-өскен соң білемін, шетелде жүрген қазақтардың өздерінің атажұртына деген сағыныштары қандай екенін. Сондықтан сондай өзім сияқты қандастарға көрсетіп, өтейін деп. Әр жерге, ата-бабамыз қорғап қалған кең байтақ даласына табанымды тіреп, қалсын деп, велосипедпен сапарға шығып жатырмын. 

22 жастағы саяхатшы қыз жол бойындағы ауылдар мен қалаларды аралап келеді. Ондағы ағайынның ыстық ықыласы мен кең пейіліне риза болған ол қазақтың дархан даласын аралауды қиынсынбаған. Атыраулықтар велосаяхатшыны қарсы алып, кездесу де ұйымдастырды. Ақсақалдар батасын беріп, сапарына сәттілік тіледі.

Майра Қожырақова, қала тұрғыны:

- Бүрлен қызымызды қарсылап, оны қонақтап, өзіміздің қонақжайлығымызды көрсеттік. Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қарт сәлем береді деп, бүгін Бүрленнің кездесуіне біздің ақсақалдарымыздың келгеніне өте риза болып отырмын. Мұндай кез келген адамның қолынан келеді деп ойламаймын. Сақ тайпаларындағы Тұмар ханшайымды білесің ғой, сонда оның жаужүректілігі, қайсарлығы біздің қазіргі қыздарға дарыған екен деген бір ой келді.

Бүрлен Әділет велосипедпен күніне 100-120 шақырымды еңсереді. Енді ол Атырау қаласынан Батыс Қазақстан облысына бағыт алмақ. Саяхатшы ару елорда күніне дейін қазақ даласын аралап, Астанаға жетуді жоспарлап отыр.

Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz