RU
Толық нұсқаға өту

Алматы-Талдықорған бағытында көлік қозғалысына өзгеріс енгізілді

30.04.2026, 07:12 25

Жол азабын жүрген біледі. «Алматы-Талдықорған» арасында көлік қозғалысына уақытша өзгеріс енгізілді.

Енді Талдықорғаннан Алматыға қарай шыққандар Мұқыры ауылы арқылы өтетін айналма жолмен жүреді. Ал мегаполистен Талдықорғанға бағыт алған жолаушылар негізгі автомагистральмен қатынайды. Жол құрылысына қатысты осындай шешім қабылданып, қауіпсіздік талаптары күшейтіліп жатыр. 

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Мұқыры ауылы арқылы өтетін айналма жол  бұрындары "Алматы- Өскемен" көлік магистралінің бір бөлігі болатын. 2016  жылы төте  жол салынғалы бері кеңінен қолданылмаған еді. Негізгі жолға күрделі жөндеуден өткізілуіне  байланысты араға он жыл салып бұл бағыт қайта қолданысқа енгізілді. Енді Талдықорғаннан Алматыға шыққан жолаушылар осы 27 шақырымдық жолмен  жүреді.

Қазір «Алматы-Өскемен» автомагистралінің 213–234 шақырымында күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Алдағы күндері Талдықорғанның айналма жолы да жасалады. Сондықтан онда да жылдамдыққа шектеу қойылып, реверсивті қозғалыс енгізіледі.

Жасұлан Қалтаев, "Қазавтожол" ҰК ОФ директорының орынбасары:

- Талдықорған қаласы айналма жолында 500 жарықтандыру тіректері, Қызылтоған елдімекенінде 200 жарықтандыру тіректері және Сарыөзек елдімекенінде 200 жарықтандыру тіректері орнатылады. Сонымен қатар диформациялық жіктер көпірлердегі ауыстырылып, жолды таңбалау термопластикпен таңбалау жүргізіледі. 

«Алматы-Өскемен» автомагистралі арқылы тәулігіне 8 мыңнан аса көлік жүреді. Туристік маусым кезінде 10 мыңға дейін жетеді. Күре жолдағы қауіпсіздікті нығайту үшін саладағылар жол белгілерінің талапқа сай болуын тексере бастады.

Алмас Оразбеков, "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" ОФ инженері:

- Алматы-Шелек-Қорғас, Сарыөзек-Көктал,  республикалық маңызы бар Алматы-Өскемен бағытындағы Үшаралға дейінгі жол, Үшарал - Достық аралығындағы және облыстық маңызы бар Талдықорған - Лепсі - Балқаш маңындағы жолдарды тексеріп, разметкаларын қарап шығамыз. 

Жетісу облысында көлік апатынан былтыр 65 адам көз жұмып, 400-ден астамы жарақат алған. Ал биылғы үш айда 100 шақты жолаушы зардап шегіп, алтауы қайтыс болды. Қайғылы жағдайдың алдын-алу мақсатында саладағылар «Жолда қабылдау» акциясын өткізді.

Сергей Крюков, жүргізуші:

- Қауіпсіздік талаптары түсіндірілді. Жолда асығыс шешім қабылдамау, қарсы бағытқа шықпау керек деген сияқты. Мұндай үгіт насихат жұмыстары өте дұрыс деп ойлаймын. Себебі жүргізушілер жауапкершілікті сезінеді.

Қанат Шайзанов, ПД ӘПБ аға инспекторы:

- Облыс жолдарына тиісті талдаулар жүргізіліп 23 авариялық аймақ анықталып, ПД тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде патрульдерді күшейту тиісті жол белгілерін орнатуға нұсқама беру. Және де жол жүру қауіпсіздігін анықтайтын автоматты тіркеу жүйелері орнатылып жатыр. Сонымен қатар скл Алакөл және Балқаш бағытталатын жолдарда жасақ сандары көбейтілуде.  

Облыс аумағында биыл 300 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Ал «Алматы-Талдықорған» бағытындағы автомагистральдің құрылысы келер жылы аяқталуы тиіс.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Жеңіс Әбдрешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz