Сенат депутаттары заң жобасына бірқатар түзетулер енгізіп, құжатты Мәжіліске кері қайтаруды ұсынды, деп хабарлайды «24KZ».
Заң Сенатқа келіп түскеннен бері жұмыс тобының 5 отырысы өтіп, талқылау барысында азаматтардан 300-ден астам өтініш түскен. Жұмысқа сенаторлармен қатар мемлекеттік органдардың өкілдері, зооқорғаушылар және қоғам белсенділері қатысқан. Сондай-ақ, өңірлерден келген ұсыныстар мен Президент жүктеген міндеттер ескерілген.
Жуырда өткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Мемлекет басшысы бұл мәселеге қатысты ұстанымын білдіріп, қараусыз жануарлар проблемасы адамдардың немқұрайлылығы салдарынан екенін атап өтті. Президент жануарларды дұрыс ұстамау және қатыгездік фактілері үшін жауапкершілікті күшейту қажеттігін айтқан болатын. Оның дерегінше, кей өңірлерде бұралқы иттердің адамдарға, соның ішінде балаларға шабуыл жасау жағдайлары жиілеген,-делінген Сенат хабарламасында.
Осыған байланысты Сенат Мәжілістен келген заң жобасына бірқатар түзетулер ұсынды. Атап айтқанда, қараусыз жануарлар санын реттеу тәртібі мен мерзімін әр өңірдің мәслихаттары өз бетінше айқындауы көзделіп отыр.
Сондай-ақ заңның 15-бабында «эвтаназия» терминін қолданудан бас тарту ұсынылды. Бұдан бөлек, қараусыз жануардың негізгі белгісі ретінде тек чиптің болуын емес, иесінің жоқтығын негізге алу қажет екені айтылды. Себебі барлық үй жануарларын, әсіресе шалғай ауылдарда, қысқа мерзімде жаппай чиптеу толық қамтамасыз етілмеуі мүмкін.
Сонымен қатар заң жобасына бірқатар құқықтық және мазмұндық сипаттағы өзге де түзетулер енгізілген. Барлық өзгерістер салыстырмалы кестеге тіркеліп, Сенаттың бейінді комитеті заң жобасын Мәжіліске кері қайтаруды ұсынды.
Тегтер #жабайы ит #үй жануарлары #Сенат #24жаңалықтар #24KZ #заңPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz