Астанада жеті мыңнан астам тұрғын бірнеше тәулік бойы сусыз қалған.
Бұған қалаға қарасты емес инженерлік желідегі апат себеп. Қазір құбырлардан су ағып тұрғанымен мәселе толық шешілді деуге келмейді. Тұрғындар әу бастан құрылыс кезінде өрескел қателіктерге жол берілгенін айтады. Жергілікті билік заң-құқықтық олқылықтарға сілтесе, мердігер «VIVA ГРАНД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кінәсін мойындамақ емес.
Астананың қақ ортасындағы мына зәулім үй тұрғындары ауыз суға зәру.
Түсірілім тобы жеткен кезде халық тіршілік көзін таситын көлік күтіп отырғанын айтты. Әсіресе Эльбрус пен Вива Гранд үй кешендерінің тұрғындары жиі-жиі қара суға зар болады.
Айжан Кәрісбекқызы, «ЭЛЬБРУС» тұрғын үй кешені МИБ төрайымы:
- 2025 жылдан, шілде айынан бастап, жаңағы орысшалап айтқанда систематически дейді ғой, осы су құбырлары мына салынған, әрқашан әрдайым сынады да тұрады. Су сыртқа ағады да тұрады. Біз әр кезде осы сусыз отырып қиналамыз. Шелекпен, бакалашкамен далада кезіп, босып жүреміз.
Тұрғындардың айтуынша, Сарайшық ауданында былтырдан төрт ірі апат болған екен. Тіпті құбыр жарылып, судың тоқтауы қалыпты жағдайға айналып барады дейді олар. Мәселенің мәнін білмекке құрылыс компаниясының кеңсесіне бардық. Алайда мардымды жауап ала алмадық. Камераны көрген бетте компания құрылтайшысы ресми мәлімдеме жасаудан бас тартып, аудио түсініктемемен ғана шектелді.
Ермек Есенов "VIVA ГРАНД" ЖШС құрылтайшысы:
- Қазір апатты жағдай болды. Қалалық су арнасының мамандары бірден келіп жетті. Бұл аяқасты болған апат. Менің оған еш қатысым жоқ. Неліктен олай болғанын қалалық су арнасынан анықтап сұрау керек. Бәлкім біреу жер қазды, бәлкім асфальт төседі. Яғни жеке менің кесірімнен болды деуге болмайды. Құбыр жарылған, мен енді су арнасына хабарласып білетін боламын. Полицияға арыз түсіремін. Бұның бәрі тез бола қоймайды да. Олар келгенше, бәрін тексергенше, кінәліні анықтағанша уақыт өтеді. Мен де арнайы мамандандырылған компания іздеп, тауып, ақшасын төлегенімше біраз уақыт кетеді.
Құрылыс компаниясы басшысының айтуынша, барлық инженерлік желі әуел бастап тиісті стандарттарға сай салынуы тиіс. Ал апатқа сыртқы факторлар себеп болады. Ең қызығы, желілер әлі күнге дейін қаланың қарамағына өтпеген. Бұл жолы мәселені жеделдетіп шешу үшін қалалық әкімдік бірден іске көшкен. Шұғыл түрде ескірген құбырдың 260 метрі ауыстырылыпты.
Мұхамедияр Қожекенов, Астана қаласы Сарайшық ауданы әкімінің орынбасары:
- Бұған дейін мемлекеттік органдар тарапынан айтылған сын-ескерту негізінде құрылыс компаниясына қатысты сот шешімі шыққан еді. Сот атқарушылық парағы бар. Сот орындаушылық органдар бұл міндеттемені алдағы уақыт атқарады деп ойлаймын. Бұл жерде құрылыс компаниясы кінәлі, желілерді коммуналдық қызметтерге уақытылы өткізбеген.
Заңгерлердің пікірінше, бұл қарқынды дамып жатқан ірі шаһарларға тән мәселе. Заң бойынша құрылыс компаниясы барлық инженерлік желіні мемлекеттің қарамағына тапсыруға міндеттеледі. Тек ол үшін тұрғын үй пайдалануға берілгеннен кейін алты ай өтуі тиіс. Егер мердігер мерзімінен кешіктірсе, оған ешбір жауапкершілік қарастырылмайлы. Сол себепті тұрғындар қайда шағымданарын білмей дал болады. Желілер қалалық коммуналдық қызметтерге өтпейінше, алда жалда су өшсе, Сарайшық ауданындағы 7 мың тұрғын тағы да тіршілік нәрінсіз қалады.
Бақыт Топтаева, Дінмұхаммед Аманғазыұлы
Тегтер #Астана #су мәселесі #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz