Шығыс Қазақстан облысында автожолдарға кешенді тексеру жүргізіледі.
Қалалық, облыстық және республикалық маңызы бар тас жолдардың жағдайын полиция қызметкерлері мен салалық ұйым мамандары бақылауға алды. Алғашқы зерттеу нәтижесі бойынша 1 мың шақырымға жуық жол таңбаларын жаңарту және 400 жол белгісін ауыстырып, 300 шақырымнан астам жолды орташа жөндеуден өткізу қажет екені анықталды.
Көктем шыға өңірдегі жүргізушілерден маза қашады. Қар мен жаңбырдан кейін жолдың сапасы нашарлап, ой-шұқыры көбейген. Соның салдарынан көлігіміз сыр бере бастады, деп жүргізушілер наразы.
Сергей Зюков, жүргізуші:
- Ахмироводан Таврия бағытына дейінгі жолдың жағдайы өте нашар. Жолдардың сапасы жол апатына әкеліп соғады. Сондықтан дер кезінде жөндеу қажет.
Ресми дерек бойынша елдегі әр бесінші жол апаты тас жолдың нашарлығынан болады. Оқыс оқиғаның алдын алу мақсатында өңірде жауапты мекемелер жолдардың сапасын кешенді тексеруге кірісті. Анықталған кемшіліктер бірден хаттамаға енгізіледі.
Эльдар Барылханов, облыстық ПД жол-техникалық инспекция бөлімінің инспекторы:
- Кешенді тексеру аясында 10-нан астам нұсқама берілді. Негізі жол жабынының сапасына, шұңқырларға баса назар аударылады.
Алғашқы тексеріс қорытындысы бойынша 400-ге жуық жол белгісін ауыстырып, асфальттағы 30 мың шаршы метр жарықты битуммен бітеу ұсынылды. Қазір «Өскемен-Риддер» және «Өскемен–Шемонаиха» бағыттарында ақауларды жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Шыңғыс Зайтов, жол жағдайына жауапты серіктестік филиалының бас инженері:
- Ең алдымен жолдың жүріс бөлігіндегі шұңқырлар мен ойықтарды тексереміз. Оларды жамауға қанша материал қажет екені анықталады. Жол белгілеріне аса назар аударамыз. Жолдағы жарықшақтар пайда болады. Оларды жөндеуіміз керек болады.
2025 жылы Жол активтері сапасының ұлттық орталығы талапқа сай келмейтін 4 жарым мың шаршы метрге жуық асфальтты мердігерлерге өз қаражаты есебінен қайта төсеуді міндеттеген. Осыған байланысты биыл кепілдік мерзімі де едәуір ұзартылды.
Әділ Ермұратов, «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалының бас маманы:
- Қазір орташа жөндеуден өткен республикалық маңызы бар автожолдарға кепілдік мерзімі 5 жылға дейін ұзартылды. Бұл сапаны арттырып, мердігер ұйымдардың жұмысқа жауапкершілікпен қарауына мүмкіндік береді.
Биыл өңірде негізгі туристік нысандарға апаратын 165 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Жол сапасының жақсаруы туристер санының артуына да жол ашады.
Асланбек Шығыр, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин
Тегтер #ШҚО #автожол #тексеру #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz