Жуырда Жетісу облысында сұрыптау жұмыстарымен айналысатын және ит асыраушыларға ғылыми-кинологиялық қолдау көрсететін Ұлттық орталық ашылады.
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық кинология федерациясының президенті Тамаш Яккельмен кездесуінде мәлімдеді. Президент қазақ тазысын алдын ала тануға оң септігін тигізгені үшін мейманға алғыс айтты. Бұл шешім 2024 жылы Амстердамдағы федерация Бас комитетінің отырысында қабылданған еді. Мемлекет басшысының айтуынша, тазы және төбет тұқымдарын сақтау дәстүрлі тұрмыс салтымен тығыз байланысты тарихи-мәдени құндылық ретінде айрықша маңызға ие. Қазақстан кинологтар одағының Бірыңғай асыл тұқымды иттер кітабында 4 мыңға жуық тазы тіркелген. Халқымыздың асыл қазынасын дәріптеу мақсатында биылдан бастап 3 қыркүйекте Қазақы тазы мен төбет күні аталып өтеді. Өз кезегінде Тамаш Яккель қазақы ит тұқымдарын сақтауға айрықша қамқорлық көрсетіп отырған Мемлекет басшысына ризашылығын білдірді. Кездесуден кейін қонақ II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
Тамаш Яккель, Халықаралық кинология федерациясының президенті:
- Біз қазақ тазысы туралы пікір алмастық. Екі жыл бұрын FCI осы ит тұқымын таныған еді. Былтыр Хельсинкиде өткен дүниежүзілік көрмеде төреші болдым, сонда қазақы тазы тұқымын «World winner» атағына лайық деп таптым. Қазақстан кинологтар одағы жасаған ауқымды жұмысты ескерсек, өз шешімімнің дұрыс екеніне күмәнім жоқ. Сонымен қатар Қазақстан Президенті де тазы асырайды екен. Маған Ақорда ауласында орнатылған тазы мүсінін көрсетті. Әрбір асыл тұқымды ит, соның ішінде қазақтың тазысы ұлттық мәдени мұраның бір бөлігі саналады.
Тегтер #Тоқаев #FCI президенті #Ұлттық орталық #тазыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz