АҚШ пен Иран арасы суып тұрған кезде бір емес, бірнеше сала тұралап қалды. Соның бірі логистика.
Ормуз бұғазының жабылуынан жаһандық логистика саласы көп қиындыққа тап болды. Әлем елдері мәселені шешудің жолдарын қарастырып жатыр.
Қазір халықаралық транзиттік дәліздердің мүмкіндігі тарылып қалды. Теңіз жолында кемелер бөгеліп, логистикалық әлеует тежеліп тұр. Елдер арасында алыс-беріс азайды. Бұған жүк тасымалдарының күретамыры саналатын Ормуз бұғазының жабылуы себеп. Осыған дейін бұл өткел арқылы күніне 138 кеме өтетін. Енді халықаралық саудада бұрын-соңды болмаған жағдай тіркелді.
Фрида Юссеф, ЮНКТАД көлік бөлімінің жетекшісі:
- Қазір көлік-логистика шығыны артып, энергетика мен азық-түлік бағасы шарықтады. Бұл факторлардың барлығы әлем елдерінің мемлекеттік қаржысына, халықтың әл-ауқатына және шаруашылық секторларға кері әсерін тигізеді.
Әлем елдеріндегі халықаралық сауда компаниялары тапсырыстарды жеткізудің балама бағыттарын іздеуге көшті. Қазір жүктердің бір бөлігі Қызыл теңізді айналып өтеді. Бұл жеткізу мерзімін 10-15 күнге ұзартып, тасымал құнын арттырады. Ірі тасымалдаушылар мен мұнай компаниялары жеткізу кестелерін және сақтандыру шарттарын қайта қарай бастады.
Чэнь Сюэся, логистика маманы:
- Қазір біздің бірнеше жүгіміз Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Хор-Факкан және оған жақын басқа да порттарда қаңтарылып тұр. Енді бағытымызды Таяу Шығыстың басқа порттарына бұрып, кейін құрлық арқылы жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Ормуз бұғазы арқылы тасымалданатын басты жүк – мұнай. Одан кейін сұйытылған табиғи газ. Үшінші – тыңайтқыштар. Мұнай мен газ ағыны тоқтаса, күллі әлем экономикасы ойран болады. Сарапшылар: «Ормуз бұғазы ашылмаса, «қара алтынның» баррелі 100 доллардан асады», - деп болжап отыр. Ал тыңайтқыштар жеткізілмесе, егін егілмей, азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнбек.
Йохен Штанцль, Consorsbank нарығының бас сарапшысы:
- Жағдай барған сайын күрделеніп барады. Теңіз тасымалындағы тұрақсыздыққа әрі кетсе, екі ай төтеп бере аламыз. Одан кейін тыңайтқыштар, гелий, керосин, жалпы отынға қатысты мәселе шиеленісті жағдайға әкеледі. Тараптардың бітімге келе алмауына нарық шын мәнінде дайын емес.
Қысқасы, жүк тасымалы әлем бойынша көңіл көншітпей тұр. Бүгіннің өзінде жаһандық компаниялардың жалпы нарықта артта қалып бара жатқаны байқалады. Алдағы уақытта логистикалық орталықтар роботтандырылған кешен ретінде салына бастайды. Сондай-ақ халықаралық сауданың тұрақтылығы үшін жеткізу тізбектерін әртараптандыру мен жаңа технологияларды кеңінен енгізуге баса назар аударылғалы отыр.
Авторы: Нұрбике Жігер
Тегтер #логистика #қысым #АҚШ #ИранPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz