Таразда 1 млрд теңгеге жуық қаржыға салынған мұражай ғимараты 11 жылдан бері қаңырап тұр. Біраз жәдігері қоймада жатыр.
Апатты деп танылған нысанды күрделі жөндеу үшін, жергілікті билік 2 рет жоба жасаған. Екеуі де іске аспады. Қазір «Көне Тараз» археологиялық саябағындағы мұражайдың есігінде қара құлып тұр.
Қаланың орталығында орналасқан мұражай «Қазақ хандығының 550 жылдығы» мерекесі қарсаңында ашылды. Алайда торқалы той өткен соң, жылға жетпей есігі қайта жабылды. Себебі құрылыстың сапасы сыр берген. Қабырға сылағы түсіп, жаңбырдан жертөлесі көгеріп кеткен. Электр желісі мен жылу жоқ. Коммуналдық құбырларының бәрі жарамсыз жағдайға жеткен.
Мерей Бает, тілші:
- Екі қабатты ауқымды мұражайдың іші қазір осындай кейіпте. Төбелері түсіп, жаңбырлы күні аққан су осылай еденді басады. Көгеріп зең басқан тұстар да көп. Апатты ғимараттың кей тұстарында жүрудің өзі қауіпті.
Көне Тараз музейіне, жанындағы тарихи қалашықтан табылған жәдігерлер қойылуы керек еді. Мұражай 2015 жылы бірнеше ай жұмыс істегенімен, кейін апатты деп танылып жұмысын тоқтатты. Сондықтан 4 мыңнан аса тарихи жәдігердің жартысы орталық мұражайға қойылды. Қалғаны қоймада тұр.
Еркен Баймурза, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкері:
- Осы ғимарат тезірек жақын уақытта жөнделсе дұрыс деп санаймыз. Көптеген табылған жәдігерлер қорда емес, осы мұражайда жеке мекеменің мұражайында тұрған дұрыс деп есептеймін. Өйткені қонақтарға да, келушілерге де өте ыңғайлы. Дәл қасында орналасқан.
Мәселені Мәжіліс деңгейінде депутаттар да бірнеше рет көтерді. Алайда облыс билігі тарапынан нақты шара әлі қабылданбаған.
Гүлдара Нұрым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Соншама қаржы жұмсалды, үлкен жұмыс жасалды. Осы мұражай бос тұрмауы керек. Халықтың игілігіне жұмыс жасауы керек деп ойлаймын. Осы мәселені біз бірнеше рет Мәжілісте көтергенбіз. Алайда әлі шешімі табылмады. Енді келешекте осы мәселе бойынша айналысуға біз дайынбыз.
Қаңырап қалған ғимарат қазір жергілікті биліктің бас ауруына айналған. 2021 жылы нысанды 400 миллион теңгеге жаңғырту жоспарланып, жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Алайда құрылыс жұмыстары сол күйі басталмады. 2024 жылы жауапты басқарма жобаны қайта жасатады. Алайда арада екі жыл өтсе де нәтиже жоқ. Екі бірдей жобаны әзірлеуге жұмсалған қаржының нақты қайдан бөлінгенін құрылыс басқармасының басшысы түсіндіріп бере алмады. Әйтеуір бюджеттен бөлген жоқпыз деген уәж айтты.
Ерлан Орынбаев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:
- Жоба жасауға екінші рет бюджет қаржысынан 1 тиын бөлінген жоқ. Екінші жоба бюджеттен тыс есептен жасалды.
Қараусыз мұражайды қайта қалпына кетіру үшін енді 630 миллион теңге қажет. Алайда басқарма басшысының айтуынша, үкімет қаулысымен әлеуметтік нысандарды жөндеуге 2028 жылға дейін мораторий жарияланған. Сондықтан мұражайдың нақты қашан жөнделетіні әзірге белгісіз.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә
Тегтер #Тараз #мұражай #ғимарат #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz