RU
Толық нұсқаға өту

«Самұрық-Энерго» жел электр станциясының құрылысын бастады

30.04.2026, 21:34 34

«Самұрық-Энерго» Қарағанды облысында қуаты 500 МВт болатын, энергияны жинақтау жүйесімен жабдықталған жаңа жел электр станциясының құрылысын бастады.

Бұл – Қазақстан мен Қытай арасындағы Үкіметаралық келісім аясында қытайлық Energy China серіктесімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан аса маңызды инвестициялық жоба.

Жел электр станциясы жобасы Қарағанды облысы үшін ерекше маңызға ие. Бұл – энергияны көп тұтынатын кәсіпорындар шоғырланған еліміздегі ең ірі өнеркәсіптік өңір. Жаңа баламалы энергия кешенінің құрылысы өңір экономикасының дамуына оң серпін береді.

Қайрат Мақсұтов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы:

- Жобаға жалпы 600 млн АҚШ доллар инвестиция тартылды. Нысанды пайдалануға беру 2029 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланып отыр. Бүгінде «Самұрық-Энерго» жалпы қуаты 11,4 ГВт болатын 25 ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Тек биылдың өзінде біз жалпы қуаты 4,8 ГВт болатын 10 жоба бойынша EPC-келісімшарттарға қол қоюды жоспарлап отырмыз. Жыл басынан бері 6 жоба бойынша мердігерлер құрылыс жұмыстарына кірісті.

Жоба аясында 900 гектардан астам аумақта 63 жел қондырғысын орнату көзделген. Жылдық таза электр энергиясын өндіру көлемі 1,8 млрд кВт/сағ болады.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

- Жаңа станция өңірді тұрақты энергиямен қамтып, Қарағанды облысының одан әрі дамуына серпін береді деп сенемін. Жобаны 2029 жылдың 1-ші тоқсанында іске қосу жоспарланған.

Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:

- Жел электр станциясының салынуы біздің облыс үшін өте маңызды деп айтуға болады. Бұның көлемі де өте үлкен 500 МВт. Жалпы обылсымызда 140 МВт-ғы салынған болатын, ол шағын болатын. Үлкен өндірістік өңір болғаннан кейін электр қуатының тапшылығы бар. Соның проблемасын шешу.

Жел электр кешені жобасын жүзеге асыру өңірге шетелдік инвестициялар тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және елдегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға мүмкіндік береді. 

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz