1-мамыр күні Астанада қазақстандық құрылыс компанияларының жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі өтеді.
«Отбасы банк»-тың бастамасымен қолға алынған іс-шараға ірі құрылыс компаниялары қатысады. Баспаналы болғысы келетіндер нарықтағы тұрғын үй кешендері мен пәтерге қол жеткізудің тиімді шарттарымен таныса алады. Ал мамырдың екісі күні Алматыда ауқымды «Отбасы фест» іс-шарасы өтеді.
«Отбасы банктің» Астанадағы жылжымайтын мүлік жәрмеңкесіне 15 ірі құрылыс компаниясы қатысады. Олар бас шаһардағы 104 тұрғын үй кешенін ұсынуға әзір. Тіпті кейбірі пәтер алушыларға арнайы жеңілдіктер қарастырып отыр. Осылайша, лайықты баспана қарап жүрген тұрғындар нарықты зерттей алады.
Жанар Ізімбетова, «Отбасы Банк» АҚ орталық филиалының директоры:
- «Наурыз» бағдарламасы бойынша биыл 16 мың азамат қатысып, олардың ішінде 3855 азаматымыз Астана қаласы бойынша тапсырыс беріпті. Солардың ішінде 1560 азамат төлем қабілетін растап, қазіргі таңда пәтерді іздеп жатыр. Осы жәрмеңке осы азаматтарға өте пайдалы болады деп сенеміз.
Жәрмеңке кезінде «Отбасы банк» мамандары ипотекалық несиеге қатысты кеңес беріп, депозит ашу қызметін ұсынады. Ал 2 мамыр күні Алматыда «Отбасы фест» ауқымды іс-шарасын өткізу жоспарда бар.
Айжан Бүйенбаева, «Отбасы Банк» АҚ Алматы қаласы бойынша бизнесті дамыту басқармасының бастығы:
- Бұл жәрмеңкеде Алматы қаласындағы 20-дан астам жетекші құрылыс компаниялары қатысады. Қонақтар тұрғын үй нысандарымен танысып, тиімді ұсыныстарын қарастыра алады. Сонымен қатар қонақтарға арналған ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылады.
Астанадағы жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі 1 мамырда Қазмедиа орталығында сағат 10:00-нан 18:00-ге дейін өтеді. Ал Алматыдағы «Отбасы фест» мамырдың 2 күні Республика сарайы алдында ұйымдастырылмақ. Мұнда күндізгі жәрмеңкеден кейін жаңа қоныс иелеріне баспана кілтін табыстау жоспарланған.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Арман Ақшабаев
Тегтер #Отбасы банк #жылжымайтын мүлік #жәрмеңке #АстанаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz